
Қарағанды облысының ТЖ департаменті әуе апаттары кезінде жолаушылар мен экипаж мүшелерін іздестіру және құтқару бойынша оқу-жаттығу өткізді. Сценарий бойынша АН-24 жолаушылар ұшағы апатқа ұшыра, құлаған кезде жанған. Оқу-жаттығуға 66 адам және 17 бірлік техника жұмылдырылды.Жоспар бойынша, "112" пультіне Қарағанды әуежайының диспетчерлік қызметінен "Ан-24" әуе кемесінде апаттық жағдай туындағаны туралы хабарлама келіп түсті. ТЖД жедел кезекшісі апаттық-құтқару қызметтері мен құралымдарын шұғыл хабардар етті. Апаттық ұшақтың координаттарын анықтау үшін ҚР ТЖМ "Қазавиақұтқару" АҚ іздеу тікұшағы ұшып шықты.
Әуежайдан солтүстік-батысқа қарай 8 шақырым жерде ұшақ құлаған жер табылды. Бұл аймақта зардап шеккен жолаушылар мен экипаж болды. Апаттық-құтқару қызметтері әуе кемесінің конструкцияларымен қыстырылған адамдарды шығарып алды. Сондай-ақ, жалпы ауданы 1000 шаршы метрден асатын әуе кемесінің фрагменттерінің жануы жойылып, төгілген авиациялық отыннан пайда болған өрт сөндірілді.
Шартты түрде зардап шеккендерді құтқару операциясы сәтті өтті.
Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметінің ақпараты бойынша