
Бір терезе қағидаты бойынша қызмет көрсету орталығы Балқаш қаласындағы Уәлиханов көшесі, 5-үйде орналасқан Жұмыспен қамту орталығының базасында жабдықталды. Енді бір жерде Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, кәсіпкерлік, білім беру, ТКШ және жер қатынастары бөлімдерінің мамандары жұмыс істейтін болады. Мұнда балқаштықтар 50-ден астам мемлекеттік қызмет ала алады.
Клиенттерге бір уақытта 12 маман қызмет көрсетеді. Залда электронды кезек орнатылған, өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы бар.
Болашақта Қарамеңді-би көшесі, 15 мекен-жайында орналасқан ғимаратта "Ашық әкімдік" жұмысын ұйымдастыру жоспарлануда. Мұнда сегіз мемлекеттік мекеменің, коммуналдық кәсіпорындардың қызметкерлері мен кәсіпкерлер палатасының өкілдері орналастырылады.
- Бірден барлық мемлекеттік органдар азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдайды, сондай-ақ менің жеке қабылдауым өтеді. Тұрғындарға бір уақытта 16 терезе арқылы қызмет көрсетіледі. Орталық эпидемиологиялық жағдай мүмкіндік берген кезде толық күшіне енеді, ал әзірше ғимаратты жөндейтін боламыз, - деп хабарлады Балқаш қаласының әкімі Ораз Тәуірбеков.
Қалада сервис орталығының ашылуы "Сарыарқа - адалдық алаңы" жобасы аясында ұйымдастырылды. Ол сыбайлас жемқорлық деңгейін қысқарту және азаматтардың Қарағанды облысындағы мемлекеттік билік институттарына сенімін арттыру мақсатында құрылған.