Қарағандылық Айзере Төлеу Дельфий ойындарының алтын жүлдесін иеленді

Қарағандылық Айзере Төлеу Дельфий ойындарының алтын жүлдесін иеленді

Қарағандының жас өнерпазы Айзере Төлеу Тәжікстанның Душанбе қаласында өткен XX жастардың Дельфий ойындарында алтын медаль жеңіп алды. Мерейтойлық байқауға ТМД-ның тоғыз елінен – Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстаннан келген жүздеген жас дарын қатысты. Қатысушылар өнердің он аталымы бойынша бақ сынады.

Айзере Төлеу – мамандандырылған музыкалық мектеп-интернаттың халық аспаптары бөлімінің 12-сынып оқушысы. Ол Дельфий ойындарында «Халық әнін жеке орындау» аталымы бойынша өнер көрсетіп, бірінші орынды иеленді.

«Сарыарқа дарыны» балаларға қосымша білім беру өңірлік ғылыми-практикалық орталығының мәліметінше, жас әншінің жеңісі – табанды еңбектің, ұлттық өнерге деген сүйіспеншіліктің және ұстаздарының кәсіби шеберлігінің жемісі.

«Айзеренің осындай беделді халықаралық байқаудағы жетістігі – қазақтың дәстүрлі ән өнерінің өміршеңдігін айғақтайтын үлкен жеңіс. Бұл сонымен қатар ұлттық мұрамыздың жас ұрпақтың орындауында қайта түлеп, әлемдік деңгейде лайықты бағасын алып келе жатқанын көрсетеді», – деп атап өтті орталық өкілдері.