Қарағанды облысында Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Шідерті автожолындағы теміржол арқылы өтетін жолөтпеге және Қалқаман – Баянауыл – Үміткер – Ботақара автожолындағы Шат өзені арқылы өтетін көпірге күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Бірнеше жыл бұрын салынған бұл нысандар жаңғыртудан кейін қауіпсіздіктің заманауи талаптарына сай болып, көлік қозғалысының үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеді.
Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Шідерті автожолында мердігер ұйым теміржол арқылы өтетін жолөтпені күрделі жөндеу жұмыстарын жалғастыруда. Қазіргі уақытта қолданыстағы құрылымды бұзу, уақытша теміржол өткелін салу және айналма жол төсеу жұмыстары аяқталған.
Қазір негізгі жұмыстар жаңа жолөтпенің тіректерін тұрғызуға бағытталған. Құрылыс алаңында 20 жол маманы мен 15 бірлік құрылыс техникасы жұмыс істеп жатыр. Негізгі құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін жол жабыны қалпына келтіріледі. Ал келесі жылы іргелес аумақты абаттандыру жоспарланған.
Тағы бір нысан – Қалқаман – Баянауыл – Үміткер – Ботақара автожолының 264-шақырымындағы Шат өзені арқылы өтетін көпір. Оны күрделі жөндеу жол бойындағы елді мекендер арасындағы қауіпсіз қатынасты қамтамасыз ету үшін ерекше маңызға ие. Сонымен қатар нысанды жаңарту көктемгі су тасқыны кезінде су басу мәселесі туындаған учаскедегі көлік қозғалысының сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Мұнда негізгі дайындық жұмыстары аяқталған: ескі көпір бұзылып, уақытша айналма жол салынған.
Қазір құрылысшылар көпірдің негізгі конструкциялық элементтерін тұрғызуды жалғастырып жатыр.
Сонымен қатар су өткізу құбырында да жұмыстар жүргізілуде. Нысанда 35 маман мен 18 бірлік техника жұмылдырылған.
– Көпірге кіреберіс учаскелерде жол негізі мен жабынын төсеу бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. Жобада көзделген барлық кезең аяқталғаннан кейін көпір құрылысы мен жол жабыны толық қалпына келтіріледі. Біздің міндетіміз – көлік қозғалысының қауіпсіздігі мен үздіксіздігін қамтамасыз ету, – деді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ тарапынан нысанға жетекшілік ететін Сапаны бақылау және жұмыстарды қабылдау бөлімінің бас маманы Дарынжан Ғалымов.
Көпірлерді күрделі жөндеу тозған конструкцияларды ауыстырумен ғана шектелмейді. Сонымен қатар автокөлік жүргізушілерінің қауіпсіз қозғалысына қажетті жол инфрақұрылымы да қалпына келтіріледі.