
Оқиға болған жерді қарап-тексеру, іздерді анықтау және тіркеу, тергеу мен өзге де процестік әрекеттерді жүргізу — енді академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің студенттері осы дағдыларды оқу кезінде іс жүзінде меңгере алады. Университетте Қарағанды облысының Полиция департаментімен бірлесіп, ашық аспан астында заманауи оқу-жаттығу алаңы ашылды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.

Жаңа алаң Полиция департаменті мен университет арасында жасалған ынтымақтастық туралы меморандум аясындағы бірлескен жұмыстың практикалық нәтижесі болды.
Енді студенттер дәрістерде алған теориялық білімдерін бірден тәжірибеде бекітіп, тергеушінің шынайы қызметіне барынша жақын жағдайларда кәсіби дағдыларын шыңдай алады.

Оқу алаңында болашақ мамандар оқиға болған жерді қарап-тексеру, іздерді іздеу, анықтау және тіркеу, тергеу және өзге де процестік әрекеттерді жүргізу тәсілдерін меңгереді.

Бұл алаңның болашақ тергеушілерді кәсіби даярлаудағы маңызы айрықша. Тәжірибелік сабақтар студенттерге мамандықтың қыр-сырын тереңірек танып, кәсіби ойлау жүйесін қалыптастыруға, сондай-ақ оқу кезінде әрбір оқиғаның мән-жайын анықтауға бағытталған қызметтің жауапкершілігін сезінуге мүмкіндік береді.

— Біз теория мен тәжірибе тоғысатын орта қалыптастырдық. Мұнда болашақ мамандар өз кәсібінің жауапкершілігін сезініп, нақты жағдайларда жұмыс істеуге машықтанады. Сонымен қатар тергеуші қызметінде білімнің, заң талаптарын сақтаудың және кәсібиліктің қаншалықты маңызды екенін түсінеді, — деді ІІМ Тергеу департаменті басқармасының бастығы Арман Дүсіпов.
Полиция өкілдерінің атап өтуінше, мұндай жобалар кадр даярлау ісін қызметтің нақты талаптарына сай ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Студенттер мамандықтың практикалық қырымен алдын ала танысып, оның өзіндік ерекшеліктерін түсінеді және болашақ кәсіби бағытын саналы түрде таңдауға мүмкіндік алады.

Полиция департаменті мен университет арасындағы өзара ынтымақтастық алдағы уақытта да жалғасады. Бірлескен жоспар аясында тәжірибелік сабақтар мен дәрістер, кәсіби кездесулер, таныстыру іс-шаралары, олимпиадалар, пікірсайыстар, спорттық жарыстар және басқа да жобалар ұйымдастырылмақ.
Ынтымақтастықтың тағы бір маңызды бағыты — студенттерге ерте кезеңнен кәсіби бағдар беру. Оқу барысында олар ішкі істер органдарындағы қызметтің ерекшеліктері, болашақ қызметкерлерге қойылатын талаптар және кәсіби өсу мүмкіндіктері туралы кеңірек мағлұмат алады.