
Бір партияға небәрі үш минут, бір жүріске санаулы секунд қана берілетін тартысты дода Қарағандыда өтіп жатыр. Мұнда ерлер мен әйелдер арасында рапид пен блицтен шахматтан Қазақстан Республикасының XX командалық чемпионаты ұйымдастырылды.

Елдің ең мықты командасы атағы үшін облыстардың құрамалары, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларының командалары бақ сынауда.

Чемпионат бағдарламасына барлығы алты турнир енген. Оның қатарында рапид пен блицтен командалық чемпионаттар, сондай-ақ ерлер мен әйелдер арасында рапид пен блицтен өтетін жеке жарыстар бар.

Қарағанды үшін бұл чемпионат бүгінде жақсы дәстүрге айналды.

— Біз Қазақстан Республикасының командалық чемпионатын осымен жиырмасыншы рет өткізіп отырмыз. Қарағанды үшін бұл – үлкен шахмат мерекесі. Чемпионаттың қайтадан біздің қалада өтуі жарысты ұйымдастыру деңгейінің жоғары екенін және Қарағандының шахматшылар арасында лайықты беделге ие болғанын көрсетеді, – дейді Қарағанды облыстық шахмат федерациясы филиалының төрағасы Николай Симонян.

Биылғы чемпионатқа қатысушылардың құрамы да айрықша мықты. Қарағанды төрінде Самарқандта өткен шахматтан 46-шы Дүниежүзілік олимпиадада Қазақстан құрамасының сапында өнер көрсеткен бірнеше шахматшы бақ сынауда.

Олардың арасында Қарағанды облысының намысын қорғап жүрген Даниял Сапенов те бар. Жас шахматшы үшін биылғы жыл жарыстарға толы болды. Ол 18 жасқа дейінгі ұлдар арасында Қазақстан чемпионатында блицтен күміс жүлдеге ие болып, рапидтен қола медаль жеңіп алды. Сондай-ақ AktobeOpen турнирінде екінші орын алып, Самарқандта өткен шахмат олимпиадасында Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсетті.
Енді Даниял туған өңірінің намысын қорғап, кезекті сынға дайындалып отыр. Жас шахматшы бұл жолы да тартысты бәсеке болатынын жақсы түсінеді.
— Қазақстанның командалық чемпионаты дәстүр бойынша елдегі ең мықты ойыншылардың басын қосады. Сондықтан әр қарсыласпен ойнаудың өзі қызықты болмақ. Қазір негізгі мақсатым – жаттығу жасап, еңбектену және алдағы турнирлерге тыңғылықты дайындалу. Сонымен қатар Германияға барып, Бундеслигада ойнағым келеді, – дейді шахматшы.

Әр команда төрт ойыншыдан жасақталған: оның үшеуі – ер адам, біреуі – әйел.
Чемпионат рапид және блиц форматтарында өтуде. Рапидте бір партияға 10 минут беріледі, оған әр жүріс үшін тағы 5 секунд қосылады. Ал блицте уақыт одан да қысқа: ойыншыға партияны аяқтауға 3 минут қана беріліп, әр жүріске 2 секундтан қосылады.

Павлодардан келген халықаралық шебер Константин Казаков үшін бұл жарыстың орны бөлек. Биыл ол командалық чемпионатқа 17-рет қатысып отыр.
— Бұл, бәлкім, жыл ішіндегі ең сүйікті шахмат турнирім шығар. Мұнда ойын өте жылдам, тартысты әрі шиеленісті өтеді. Әр қазан айын асыға күтіп, Қарағандыға келемін, – дейді Константин Казаков.
Оның айтуынша, былтыр команда жеңіске бір табан жақын болғанымен, құрамдағы ойыншылардың бірінің оңтайлы бабында болмауы нәтижеге әсер еткен.
— Биыл құрамымызды жаңартып, жасы жас әрі ойын мәнері агрессивті шахматшы қызды қостық. Жеңіске жетуге ниеттіміз, – дейді шахматшы.

Әр дисциплина бойынша жүлделі үш орынға ие болған командалар медальдармен, дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталады.

Шахматшылар үшін чемпионаттың маңызы жүлдемен ғана шектелмейді. Мұндағы сәтті нәтиже халықаралық жарыстарда ел намысын қорғайтын ұлттық құраманы жасақтау кезінде ескерілетін маңызды көрсеткіштердің бірі болуы мүмкін.

Бұдан бөлек, ойын нәтижелері ФИДЕ шахматтық атақтарына қойылатын нормативтерді орындау кезінде де есепке алынуы ықтимал.