
Қарағанды облысында санитарлық режимнің сақталуын 168 мобильді топ қадағалайды. Қараша айында олар 10 464 нысанды аралады. Тексерістер нәтижесінде 309 бұзушылық анықталып, 158 айыппұл салынды.
«Карантин талаптарын бұзудың 50%-дан астамы дүкендерде, сауда орталықтарында және базарларда анықталды. Түнгі клубтарда, дәмханаларда, мейрамханаларда, компьютерлік клубтарда, букмекерлік кеңселерде - 15%. Негізгі бұзушылық - келушілерге қызмет көрсететін персоналда жеке қорғаныс құралдарының болмауы. Сондай-ақ, облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысымен белгіленген жұмыс уақытының шектеулерін сақтамау фактілері анықталды», - деп хабарлады жедел әрекет ету орталығы.
Мобильді топтар БАҚ-тың қатысуымен кешкі тексерістер өткізеді. Қараша айының соңында үш рейд барысында 60 нысан - ірі сауда үйлері, түнгі клубтар мен мейрамханалар тексерілді. Жеті бұзушылық анықталды.
Екі тамақтану орнында термометрия жүргізілмеген, қызметкерлер қолғапсыз жұмыс істегені белгілі болды. Лаундж-барлардың бірінде кальян қолданылғаны анықталды. Тыйым салынғанына қарамастан, кафелер мен мейрамханалар дискотекалар ұйымдастыруын жалғастыруда. Сондай-ақ, мобильді топтар түнгі 00.00-ден кейін заңсыз жұмыс істеген екі мекемені анықтады.
Қарағандыда «Күнгей» шағын ауданында орналасқан коттедждердің бірінде үйлену тойы тойланды. Тойға 60-қа жуық адам қатысқан. Жаппай іс-шараға үй-жай берген коттедж иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылады.