
Қарағанды қаласының Назарбаев Зияткерлік мектебінде Тұңғыш Президент күніне арналған «Ұлы дала мұрагерлері» атты домбырашылардың флешмобы өтті. NIS желісінде аталмыш шара жыл сайын өткізіледі. Музыканттар биылғы жылы да дәстүрді онлайн форматта жалғастырды. Осы оқу орындарының барлық YouTube-арналарында бір мезгілде қазақ композиторларының күйлері шырқалды.
- Аса көрнекті композиторлардың шығармаларын орындау арқылы біздің музыканттар қазақ халқының жан-дүниесінің кеңдігін, ұлттық аспап – домбыраның дыбысталуын көрсеткісі келді. Бұл дәстүрлі іс-шара 2015 жылдан бері өткізіліп келеді және адамдарға жағымды әсер беріп, қазақ мәдениетіне баулиды, - деп атап өтті Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі директорының орынбасары Жұлдыз Биманова.
Бұрынғы жылдары домбырашылардың флешмобтары қаламыздың ірі сауда орталықтарында өткізілген болатын.
- Біз іс-шараның онлайн форматта жалғасатынын естігенде қуандық. Домбырашылардың бір мезгілде ойнауы ерекше әсер қалдырады. Ұлттық өнерді насихаттайтын осындай ауқымды іс-шараға өз үлесімді қоса алатыныма шын жүректен қуаныштымын, - дейді NIS оқушысы Жанбота Жұлдыз.