«Арманға жол — Qaragandy Half Marathon 2026» марафонына Қарағандыда 2 мыңға жуық адам қатысты

«Арманға жол — Qaragandy Half Marathon 2026» марафонына Қарағандыда 2 мыңға жуық адам қатысты

Қарағандыда «Арманға жол — Qaragandy Half Marathon 2026» атты ауқымды спорттық іс-шара өтті. Жарысқа Қазақстанның әр өңірінен 2 мыңға жуық адам, сондай-ақ Қырғызстан, Испания, Ұлыбритания, Ресей, Франция, Таиланд, Канада және Эквадордан келген кәсіби спортшылар мен әуесқой желаяқтар қатысты.

Балаларға, мүгедектігі бар балаларға және скандинавиялық жүріс ардагерлеріне арналған арнайы қашықтықтар ұйымдастырылды. 

Негізгі жарыстар 5, 10 және 21,1 шақырым қашықтықтарда өтті.

— Қарағанды марафоны өңіріміздегі маңызды спорттық шаралардың біріне айналды. Биыл оған ересектер мен балаларды, денсаулығында ерекшелігі бар адамдарды қоса алғанда, 2 мыңнан астам қатысушы жиналды. Ең жас қатысушы — 10 жаста, ал ең ересегі — 79 жаста. Бұл — жүгірудің әртүрлі жастағы және мүмкіндігі әрқилы адамдарды шын мәнінде біріктіретінінің жарқын мысалы. Бүгінде марафон Қазақстан шекарасынан әлдеқайда асып, халықаралық деңгейге шығып отыр — оған сегіз елдің өкілдері қатысуда. Жыл сайын оның географиясы кеңейіп келеді. Біз бұл жобаның әлеуеті зор екенін көріп отырмыз және алдағы уақытта да оны дамыта бермекпіз: қатысушылар санын және жүлде қорын арттырып, танымал спортшыларды шақыруды жоспарлап отырмыз, — дейді Қарағанды облысының Дене шынықтыру және спорт басқармасының дене шынықтыру-бұқаралық спорт бөлімінің басшысы Ринат Тілеубеков.

Жарыс қорытындысы бойынша ерлер мен әйелдер арасында әртүрлі жас санаттарындағы жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды. Қашықтықты сәтті еңсеріп, мәреге жеткен барлық қатысушы естелік медальдарға ие болды.

Үздік нәтиже көрсеткендер дипломдармен және ақшалай сертификаттармен марапатталды.

Қарағандыда марафон биыл жетінші рет ұйымдастырылды. Ол әр жастағы спорт әуесқойларын біріктіріп, қала тұрғындары мен қонақтары үшін нағыз спорт мерекесіне айналды.

Қарағанды облысының Дене шынықтыру және спорт басқармасының ақпараты бойынша