Қарағандыны түтін басып кетті: құтқарушылар жанып жатқан құрғақ шөпті сөндіріп жатыр

Қарағандыны түтін басып кетті: құтқарушылар жанып жатқан құрғақ шөпті сөндіріп жатыр

Қарағанды облысында аптап ыстық пен қуаң ауа райына байланысты табиғи өрт қаупі сейілмей тұр. Қарағандыда құрғақ шөп тұтанып, соның салдарынан қаланың кей бөліктерінде түтін иісі сезілген. Өрт орнына құтқарушылар жіберіліп, оны сөндіруге жергілікті атқарушы органдардың күші мен техникасы да тартылды.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, Әлихан Бөкейхан ауданындағы «Восток» шағынауданының Сахалин учаскесінде бұталар мен құрғақ шөп өртенген. Алдын ала мәлімет бойынша, өрт шамамен 7 гектар аумаққа таралған.

Қазіргі уақытта өртті оқшаулау және толық сөндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тілсіз жаумен күреске 35 маман мен 8 техника жұмылдырылған. Атқарылған шаралардың арқасында өрт ауыздықталды.

Құтқарушылар тұрғындарды сабыр сақтауға шақырады. Желдің бағытына қарай түтін иісі қаланың әр бөлігінде сезілуі мүмкін. Мамандар оқиға орнында жұмыс істеп, өртті ауыздықтау үшін қажетті шараларды қабылдап жатыр.

Мамандар табиғат аясында демалған кезде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтаудың маңыздылығын еске салады. Ашық жерде сөндірілмеген отты, темекі тұқылын және басқа да от көздерін қалдырмау қажет.