Қарағандыда жаңа театр маусымы ашылады

Қарағандыда жаңа театр маусымы ашылады

Иллюстрация ЖИ арқылы жасалған

Осы аптада Қарағандының екі театрында жаңа маусым басталады. С. Сейфуллин атындағы театр мерейтойлық 95-маусымын қазақ драматургиясының классикалық туындысы – Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясымен ашса, К. Станиславский театры 96-маусымын «Пигмалион Хаус» трагикомедиясының премьерасымен бастайды.

С. Сейфуллин атындағы қазақ драма театры көрермендерін 10 қыркүйекте күтеді. Сахнада махаббат, салт-дәстүр, жеке сезім мен қоғамдық ұстанымдар тоғысқан «Қарагөз» спектаклі ұсынылады.

К. Станиславский атындағы орыс драма театры жаңа қойылым үшін Қырғызстаннан екі режиссер – Вячеслав Виттих пен Максим Лисовскийді шақырды. Қарағандылық көрермен бұл есімдерді «Гольдони ханымдары» спектаклі арқылы жақсы біледі.

Жаңа маусымның ашылуы «Пигмалион Хаус» премьерасымен 12 және 13 қыркүйекте өтеді.

Сахнада жұмбақ Пигмалион – данышпан, есінен адасқан өнерпаз әрі сенсациялық театр труппасын құрған миллионер пайда болады. Оның әртістері ән салып, би билеп, ғашық болып, біртіндеп бақылаудан шыға бастайды. Ал көрермен алдында тұрғандардың кім екенін анықтауы керек: адамдар ма, қуыршақтар ма, әлде бұдан да қауіпті бір нәрсе ме? Спектакльде пластикалық шешімдер мен музыкаға ерекше мән берілген.

– Қарағандының Станиславский театры үшін Хасинто Граудың «Сеньор Пигмалион» және Сергей Беляковичтің «Қуыршақтар» атты екі пьесасының желісі негізінде арнайы оқиға жаздым. Бұл – ерекше, жанры сан алуан, бірнеше қырлы спектакль. Қойылымға труппаның негізгі құрамы түгел дерлік қатысады. Актерлерді көрермен күтпеген рөлдерден көреді. Күлуге де, мұңайып ойлануға да мүмкіндік бар. Ал финалы өте тосын – бұл барша көрермен үшін күтпеген интрига, – дейді спектакль режиссері Вячеслав Виттих.

«Пигмалион Хаус» спектаклінің келесі көрсетілімі 27 қыркүйекте өтеді.

Ал қазан айында театр труппасы Өскемен қаласына гастрольдік сапармен аттанады. 9–11 қазан аралығында қарағандылық өнерпаздар Шығыс Қазақстан облыстық драма және оперетта театрының сахнасында балалар мен ересектерге арналған спектакльдерін ұсынады. Олардың қатарында «Пигмалион Хаус» премьерасы да бар.