"АрселорМиттал Теміртау" АҚ әкімшілігі мен кәсіподақтары қызметкерлердің жалақысын индекстеу туралы келісім жасады.
"2021 жылғы 1 қаңтардан бастап 2020 жылға арналған ҚР нормативтік құқықтық актілерінде айқындалған инфляция деңгейінің 50% есебінен тарифтік мөлшерлемелер мен айлықақылар индекстелетін болады. Сондай-ақ, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап индекстеудің екінші бөлігі сыйақы түрінде төленеді, ай сайын, белгіленген көрсеткіштердің орындалуына қарамастан, Ұжымдық шарттың талаптары бойынша төленеді", - делінген компания хабарламасында.
Бұдан басқа, "АрселорМиттал Теміртау" АҚ-да және оның еншілес кәсіпорындарында 2020 жылғы 1 қарашаға дейін қабылданған қызметкерлер желтоқсан айында 150 мың теңге мөлшерінде (125 мың теңге - компанияның 25 жылдық мерейтойына орай бонус және 25 мың теңге - қосымша төлем) біржолғы сыйақы алады.
Компания басшылығы мен кәсіподақтар да қолданыстағы ұжымдық шартты бір жыл мерзімге - 2021 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзарту туралы шешім қабылдады.