Қарағанды облысында егін жинау науқаны басталды

Қарағанды облысында егін жинау науқаны басталды

Қарағанды облысында биылғы ыстық ауа райына байланысты бірқатар шаруашылықтар егін жинау жұмыстарына әдеттегіден ертерек кірісті. Қазір науқан Абай, Бұқар жырау, Нұра, Осакаров және Шет аудандарында жүріп жатыр. Бүгінде 37 мың тонна астық бастырылып, 3,7 мың тонна майлы дақыл жиналды. Жаппай егін ору науқаны қыркүйек айының алғашқы күндерінде басталады.

Аппараттық кеңесте облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Әнуар Түлібековтің мәлімдеуінше, өңірде шамамен 1 млн гектар дәнді дақыл алқабын, 114 мың гектар майлы дақылдарды жинау қажет. Бұдан бөлек, облыста 13 мың гектардан астам картоп және көкөніс алқабы бар.

Егін жинау жұмыстарына шаруашылықтардағы заманауи ауыл шаруашылығы техникалары жұмылдырылады.

– Биыл 1 966 астық жинайтын комбайн, 609 жатка, 78 картоп жинайтын комбайн және 75 картоп қазғыш пайдаланылады. Күзгі дала жұмыстарына арзандатылған дизель отыны бөлінді. Жиналған өнімді сақтау үшін қажетті база да дайындалуда. Облыста 8 астық қабылдау кәсіпорны мен 704 астық қоймасы, сондай-ақ 138 картоп және көкөніс сақтау қоймасы бар, – деді Әнуар Түоібеков.

Абай ауданында ерте пісетін картопты жинау басталды. Биылғы өнімнің көлемі шамамен 134 мың тонна болады деп күтілуде. Жергілікті шаруалар бұдан бөлек, 33 мың тоннаға жуық көкөніс жинауды жоспарлап отыр.

Алдағы қысқа мал азығын дайындау мәселесі де басты назарда. Осы мақсатта пішендеме мен көпжылдық шөп қорын қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев маусымдық дала жұмыстарын уақтылы жүргізумен қатар, келесі жылдың егіс науқанына алдын ала дайындықты да бастау қажеттігін атап өтті.

– Егінді уақтылы жинап, оны сақтауды қамтамасыз ету қажет. Сонымен қатар 2027 жылғы егіс науқанына қажетті тұқым қорын қалыптастырып, алқаптарды өңдеуге арналған минералды тыңайтқыштарды сатып алуды ұйымдастыру керек. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жергілікті ауыл шаруашылығы өндірушілерімен тұрақтандыру қорына картоп пен көкөніс жеткізу жөнінде меморандумдар жасасу қажет. Осы мәселелердің барлығын бақылауда ұстау керек, – деді өңір басшысы.