
2026 жылдың қаңтар-шілде айлары аралығында 100 мыңға жуық қазақстандық Skills Enbek кәсіптік курстар платформасында онлайн оқуды аяқтады. Жеті айдың қорытындысы бойынша 99,5 мың адам сертификат алды, деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Платформа жұмысын бастағалы бері оған 1,3 миллионнан астам пайдаланушы тіркелген. Тек 2026 жылдың өзінде онлайн оқуға 143,4 мың адам қосылып, берілген сертификаттардың жалпы саны 1,29 миллионға жетті.
Skills Enbek платформасының негізгі бағыттарының бірі – халықтың әлеуметтік осал санаттарын оқыту. Жеті айда 38,2 мың жұмыссыз қазақстандық курстарды аяқтады. Олардың 10,2 мыңы – 16 мен 34 жас аралығындағы жастар.
Қазіргі таңда пайдаланушыларға 636 онлайн курс қолжетімді. Оның 446-сы, яғни төрттен үшіне жуығын тегін оқуға болады. Оқу ұзақтығы екі сағаттан 80 сағатқа дейін созылады. Платформа өз курстарынан бөлек, Fluent Education және «Яндекс Қазақстан» серіктестерінің бағдарламаларын да ұсынады.
Пайдаланушылар арасында практикалық әрі әлеуметтік маңызы бар бағыттарға сұраныс жоғары. Берілген сертификаттар саны бойынша «Кассир» курсы көш бастап тұр – оны 12 007 адам сәтті аяқтаған. Одан кейін «Қаржылық сауаттылық курсы», «Қозғалысы қиын адамдарға сүйемелдеу қызметін көрсететін жеке көмекшінің кәсіби курсы» және «Әлеуметтік жұмысқа кіріспе» бағдарламалары келеді.
Инклюзивті оқыту бағыты да дамып келеді. Есту қабілеті бұзылған адамдар үшін платформада «Ымдау тілін және жасанды интеллектіні пайдалана отырып тігін тігудің негіздері» атты арнайы курс әзірленді. Оған тіркелген 302 пайдаланушының 132-сі оқуды аяқтап, сертификат алған.
Онлайн оқыту жүйесіне біртіндеп еніп келе жатқан тағы бір бағыт – виртуалды шындық технологиялары. Олардың көмегімен тыңдаушылар теорияны меңгеріп қана қоймай, еңбек қауіпсіздігін қоса алғанда, практикалық дағдыларды қауіпсіз жағдайда пысықтай алады. VR-сценарийлер өндірістегі тәуекелдерді модельдеуге және денсаулыққа нақты қауіп төндірмей, ықтимал қауіпті жағдайларда дұрыс әрекет етуге үйретуге мүмкіндік береді.
Skills Enbek платформасына тіркелу және оқу мәселелері бойынша «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ-ға (8-7172) 95-43-17 телефоны арқылы хабарласуға болады.