Қарқаралы ауданы қысқа дайындалып жатыр

Қарқаралы ауданы қысқа дайындалып жатыр

Қарқаралы ауданында қазандықтар мен жылу желілерін жөндеу жұмыстары жүргізіліп, мектептерге модульдік қазандықтар орнатылуда. Әлеуметтік нысандарға көмір сатып алынып, қыс мезгілінде электр қуатымен қамтуда үзілістерге жол бермеу үшін электр желілері де ретке келтірілуде.

Ауданда барлығы 117 әлеуметтік-мәдени нысан және 38 көппәтерлі тұрғын үй бар. Қарқаралы қаласында оларды жылумен алты жергілікті қазандық қамтамасыз етеді. Басты міндеттердің бірі – қазандықтар мен жылу желілерін қысқы жүктемеге дайындау. №3 қазандықтың жылу желілерін жөндеу жұмыстары аяқталды. №6 қазандыққа қуаты 2,5 МВт болатын жаңа КСВР қазандығы орнатылды. Қарқаралы қаласындағы қалған жергілікті қазандықтарда да жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Әлеуметтік нысандар да назардан тыс қалмайды. Ауданда 43 білім беру мекемесі бар. Қарабұлақ, Бақты, Қарағайлы және Ақбай-Қызылбая ауылдарындағы мектептерге модульдік қазандықтар орнатылуда.

Қазандықтарды жөндеп қана қоймай, отынды уақытында жеткізу де маңызды. Алдағы қыс маусымында Қарқаралы ауданына халық пен бюджеттік ұйымдар үшін 72,2 мың тонна көмір қажет болады. Тұрғындар көмірді екі теміржол тұйығы мен үш көмір қоймасы арқылы алады. Бюджеттік ұйымдар да қажетті отын қорын қалыптастыруда.

Қыста жүктеме қазандықтарға ғана емес, электр желілеріне де түседі. Сондықтан энергетиктер қажетті жұмыстарды алдын ала жүргізіп жатыр.

«Қарағанды Жарық» компаниясы биыл екі қосалқы станцияға жөндеу жұмыстарын жүргізуде. «ҚАЭК» ЖШС 7,1 шақырым электр желісі мен бес жинақтаушы трансформаторлық қосалқы станцияға күрделі жөндеу жүргізіп жатыр. Жұмыстардың бір бөлігі аяқталды: №1024 КТҚ-ға күрделі жөндеу жүргізіліп, ақаулы 102 тірек ауыстырылды. Екі қосалқы станция да күрделі жөндеуден өтті.

Қазандықтар мен жылу желілерін, әлеуметтік нысандар мен инженерлік инфрақұрылымды қысқа дайындау, сондай-ақ көмірмен қамтамасыз етуге қатысты барлық негізгі мәселе аудан басшылығының тұрақты бақылауында.

Қарқаралы ауданы әкімдігінің мәліметінше