
Қарағанды облысында мал шаруашылығы оң динамиканы сақтап отыр. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер өнім көлемін арттырып, асыл тұқымды базаны нығайтып, жаңа жобаларды жүзеге асыруда. Бұл ретте мемлекеттік қолдаудың маңызы зор.
Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша өңірде ет өндірісі 2%-ға, сүт өндірісі 5,5%-ға, жұмыртқа өндірісі 2%-ға өсті. Сонымен қатар ірі қара мал саны 0,3%-ға, жылқы саны 6,7%-ға артты.

— Бүгінде мал шаруашылығының тұрақты даму қарқынын сақтап отырғанын көріп отырмыз. Ет, сүт және жұмыртқа өндірісінің көлемі артып, мал басы көбейіп келеді. Бұл ретте біздің міндетіміз — сандық көрсеткіштерді жай ғана ұлғайту емес, өнімділік пен сапаны арттыру, асыл тұқымды базаны нығайту және өндіріс үшін заманауи жағдай жасау, — деді Қарағанды облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Сырым Бошпанов Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде.
Негізгі бағыттардың бірі — асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту. Облыста асыл тұқымды репродукторлар мен тауарлы-сүт фермалары құрылып, өндірістік қуаттарды жаңғырту және қалпына келтіру бойынша жобалар жүзеге асырылуда.
Биыл Қарағанды облысының агроөнеркәсіптік кешеніне жалпы сомасы 113 млрд теңгеден астам инвестиция тарту жоспарланған. Оның аясында 42 жобаны іске асыру көзделіп отыр. Нәтижесінде 450-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Бұл ретте қолдау тек ірі инвестициялық жобаларға ғана көрсетілмейді. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін шығындарды субсидиялау қарастырылған.
Өңір ауылдық аумақтарды дамытуға және ауыл тұрғындарының табысын арттыруға да ерекше мән беріп отыр. Бұл бағыттағы негізгі құралдардың бірі — «Ауыл аманаты» бағдарламасы. Қазірдің өзінде 83 жеңілдетілген несие беріліп, 97 жаңа жұмыс орны ашылды.
Ауыл тұрғындары үшін бұл тек қаржылай қолдау алу емес, өз ісін бастауға мүмкіндік. Яғни мал сатып алып, шаруашылығын дамытуға, шағын өндіріс ашуға немесе жұмыс істеп тұрған бизнесті кеңейтуге жол ашылады.