«Сарыарқа» жаңа маусым алдындағы жаңартылған құрамын таныстырды

«Сарыарқа» жаңа маусым алдындағы жаңартылған құрамын таныстырды

Қарағандының Орталық саябағында жаңа маусымның басталуына орай «Сарыарқа» хоккей клубының тұсаукесері өтті. Жанкүйерлерге команданың жаңартылған құрамы мен жаттықтырушылар штабы таныстырылды. Клубтың бас жаттықтырушысы болып Владимир Князев қала береді.

Қонақтарға мерекелік бағдарлама ұсынылып, өнерпаздардың концерттік қойылымдары, қолтаңба беру және хоккейшілермен фотосессия ұйымдастырылды. Жанкүйерлер ойыншылармен жүздесіп, ресми матчтар қарсаңында команданың құрамымен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды.

«Сарыарқа» үшін алғашқы турнир 14 тамызда басталатын Қазақстан кубогы болады. Оған өткен маусымның қорытындысы бойынша екі топқа бөлінген 10 команда қатысады. Топтық кезеңнің матчтары Қарағанды мен Өскемен қалаларында, ал турнирдің финалдық кезеңі Қарағандыда өтеді.

«Сарыарқа» Қазақстан кубогындағы алғашқы кездесуін Павлодардың «Ертіс» командасына қарсы өз алаңында өткізеді. Ойын 14 тамызда «Қарағанды-Арена» мұз сарайының мұз айдынында өтеді. Басталуы – сағат 19:00-де.

Қыркүйек айында команда маусымды тұрақты чемпионат аясында жалғастырады. «Сарыарқа» алғашқы ойындарын да өз алаңында өткізеді.