
Теміртауда коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары қарқын алды. Биыл қалада Металлургтер даңғылы бойындағы 2-ықшамаудан арқылы өтетін ТМ-3 жылу магистралін қайта жаңғырту аяқталмақ. Сонымен қатар Энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба аясында №2 жылу электр орталығынан (ЖЭО-2) шығатын негізгі жылу шығару желісін жаңарту басталды. Құбырлардың әбден тозуына байланысты бұл нысанда бұған дейін апатты жағдайлар жиі орын алған.

Өңірдегі стратегиялық маңызы бар инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылу барысын Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жұмыс сапары барысында арнайы барып көрді.

Биыл Теміртауда жалпы ұзындығы 40 шақырымнан астам жылу желілерін жөндеу және қайта жаңғырту жоспарланған. Облыс әкіміне барлық нысандағы жұмыстардың белгіленген кестеге сай жүргізіліп жатқаны баяндалды. Құрылыс алаңдары қажетті жұмыс күшімен, арнайы техникамен және құрылыс материалдарымен толық қамтамасыз етілген.

Жоба аясында ұзындығы 8 шақырымды құрайтын №2 ЖЭО-дан шығатын негізгі жылу тартқыш толықтай ауыстырылады. Жұмыс екі кезеңмен жүзеге асырылады: биыл 2,5 шақырым құбыр жаңартылса, жобаны толық аяқтау келесі жылға жоспарланған.

— Бұл жылу шығару желісі 1976 жылы пайдалануға берілген. Қазіргі таңда оның тозу деңгейі 70 пайыздан асады. Қайта жаңғырту аяқталған соң жылумен қамту жүйесінің сенімділігі едәуір артып, апатты жағдайлар саны азаяды. Барлық жұмыс тұрақты техникалық бақылауда жүргізілуде, — деді Теміртау қаласы әкімінің орынбасары Ринат Қыдырбеков.

Сонымен қатар ТМ-3 жылу магистралін қайта жаңғырту жұмыстары да жалғасып жатыр. Құрылыс қаланың бірнеше учаскесінде қатар жүргізілуде. Жалпы ұзындығы 4,1 шақырым болатын құбырлардың жартысынан астамы төселіп үлгерді.

Бұдан бөлек, жаңа монолитті темірбетон тіректері орнатылуда.

Нысанда күн сайын 100-ге жуық жұмысшы еңбек етіп, 30 бірлік арнайы техника жұмылдырылған. Мердігер ұйымдар жобаны жылыту маусымы басталғанға дейін толық аяқтауды көздеп отыр.

Бұдан өзге, қаладағы алтыншы және сегізінші ықшамаудандардың орамішілік жылу желілері де кезең-кезеңімен жаңартылуда.

Жұмыс сапары аясында Ермағанбет Бөлекпаев қаланың су құбыры желілерін қайта жаңғырту жұмыстарының барысымен де танысты.

Аталған жобалардың іске асырылуы коммуналдық инфрақұрылымның сенімділігін арттырып, тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
