
Абай ауданының Топар кентінде инклюзивті аллея бой көтерді. «Инклюзивті аллея: гарденотерапия және кедергісіз отбасылық демалыс» әлеуметтік-экологиялық жобасының қатысушылары мұнда он түп жапон тобылғысын екті. 80-нен астам адамды бір арнаға тоғыстырған бұл бастама мүмкіндігі шектеулі балалар мен жастарға және олардың отбасыларына қолжетімді әрі жайлы орта қалыптастыру жолындағы маңызды қадамдардың біріне айналды.

Жобаны Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының үйлестіруімен берілген шағын грант аясында «Тамаша Адам» мүгедектер қоғамдық бірлестігі жүзеге асырды.
Жобаның негізгі идеясы – ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар үшін тек тынығып қана қоймай, еркін пікір алмасып, пайдалы білім алып, ортақ игі іске атсалыса алатын жайлы әрі қауіпсіз кеңістік қалыптастыру.

– Мен бұл жобаның тек өсімдіктер егу немесе демалыс ұйымдастырумен ғана шектелгенін қаламадым. Ең алдымен, бұл – адамдар, бір-бірін қабылдау, қолдау және ешқандай кедергісіз бірге болу мүмкіндігі туралы жоба. Әсіресе, адамдардың бір-бірімен жақындасып, еркін әңгімелесіп, жүздерінен шаттық көрініп, жоба аяқталғаннан кейін де сақталатын ортақ кеңістікті бірге қалыптастырғанын көру ерекше әсер қалдырды, – деді қоғамдық бірлестіктің жетекшісі Ольга Матакова.
Жобаға ерекше қажеттілігі бар балалар мен жастарды тәрбиелеп отырған отбасылар, олардың заңды өкілдері, мемлекеттік қызметшілер, еріктілер, Жастар альянсының мүшелері және кенттің белсенді тұрғындары қатысты. Сондай-ақ бастамаға «Батыл Жүрек» қайырымдылық қоры да қолдау көрсетті.

Жоба бағдарламасы бірнеше бағытты қамтыды. Атап айтқанда, аумақты көгалдандыру, гарденотерапия сабақтары, ата-аналарға арналған оқыту семинары және табиғат аясындағы отбасылық демалыс ұйымдастырылды. Семинар барысында мамандар балалардың әлеуметтік бейімделуі, инклюзивті қарым-қатынас қағидаттары, сондай-ақ мемлекет пен қоғамдық ұйымдар тарапынан көрсетілетін қолдау тетіктері туралы жан-жақты мағлұмат берді.
Жобаның қорытынды кезеңі жергілікті су қоймасына ұйымдастырылған отбасылық саяхатпен түйінделді. Онда қатысушылар үшін шығармашылық, спорттық және экологиялық іс-шаралар, сондай-ақ балаларға арналған дамытушы ойындар мен танымдық сабақтар өткізілді.

– Инклюзивті аллея – адамдар бір мақсатқа жұмылғанда игі бастамалардың өмірге келетінінің жарқын көрінісі. Бұл жоба пікірлес жандардың қолдауы мен ынтымағы болса, тіпті шағын қоғамдық бірлестіктің өзі қоғам үшін маңызды әрі мағыналы бастамаларды жүзеге асыра алатынын дәлелдеді, – деді ұйымдастырушы.
«Тамаша Адам» қоғамдық бірлестігінде бұл бағыттағы жұмысты алдағы уақытта да жалғастыру көзделіп отыр. Қазіргі таңда мүмкіндігі шектеулі жандар мен олардың отбасыларының өзара қарым-қатынасын нығайтуға, бірге демалуына, жан-жақты дамуына және қоғамдық өмірге белсенді араласуына мүмкіндік беретін жаңа әлеуметтік бастамалар әзірленуде.