Қарағандыдан Үрімшіге тікелей әуе рейсін ашу жоспарлануда

Қарағандыдан Үрімшіге тікелей әуе рейсін ашу жоспарлануда

Қарағанды мен Қытайдың Үрімші қаласы арасында тікелей әуе рейсін ашу мүмкіндігі облыс әкімдігінде өткен кеңесте талқыланды. Облыс әкімінің орынбасары Азамат Тайжановтың төрағалығымен өткен жиынға «Urumqi Airlines» және «Kun Yu Shu Ji Capital» компанияларының өкілдері, «Сары-Арқа» әуежайының басшылығы, туризм басқармасының мамандары, сондай-ақ өңірдегі туроператорлар мен кәсіпкерлер қатысты.

Кездесу барысында жаңа әуе бағытын іске қосу әлеуеті мен тараптардың өзара іс-қимыл мәселелері қаралды. Сондай-ақ Қарағанды облысы мен Қытайдың Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданы арасындағы туристік және іскерлік байланыстарды дамытуға ерекше назар аударылды.

Тікелей әуе рейсінің ашылуы жол жүру уақытын қысқартып, өңір тұрғындары мен қонақтары үшін сапарларды анағұрлым қолайлы етеді. Сонымен қатар бұл туризмді, сауда-саттықты және іскерлік ынтымақтастықты дамытуға қосымша серпін береді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар жобаны іске асыруға қызығушылық танытып, жаңа әуе бағытын ашу жөніндегі бірлескен жұмысты жалғастыруға келісті.