Жас кәсіпкерлер Жезқазған әкімінің гранттарын алды

Жас кәсіпкерлер Жезқазған әкімінің гранттарын алды

"Үздік бизнес-жоба" қалалық байқауының қорытындысы бойынша Жезқазған қаласы әкімінің гранттарын жеті кәсіпкер иеленді. Байқаудың басты мақсаты - жастардың инновациялық бизнес-жобаларын іске асыруға серпін беру, сол арқылы қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал ету.

Байқау осымен үшінші рет өткізіліп отыр. Биыл өз жобаларын 26 адам ұсынды. Конкурс өткізуге бөлінген сома 5,5 млн теңгені құрады. Комиссия құрамына мемлекеттік органдардың, бизнес-құрылымдардың өкілдері, депутаттар мен қоғам белсенділері кірді.

Жеңімпаздарға гранттарды Жезқазған әкімі Қайрат Әбсаттаров тапсырды.

Екі кәсіпкер 500 мың теңге сомасында сертификат алды:

Сұлушаш Еркенова - "Сleaning Master клинингтік орталығын ашу" жобасы үшін және Жұлдызай Әлімжанова - "Magan kelmedi комиссиялық дүкенін ашу" жобасы үшін.

"Экологиялық таза ағаштан жасалған эксклюзивті балалар жиһазын өндіру" жобасымен Сымбат Садықов 700 мың теңге көлемінде грант ұтып алды, "Мансап және кәсіби бағдар орталығы" жобасын таныстырған Арман Кенжебеков және "бейнетүсірілім қызметін дамыту" жобасының авторы Жансая Төлеутаева.

1 млн теңгенің сертификатының иегері Жәния Бердіханова болды. Оған "Бие сүтін өндіру орталығын ашу" жобасын іске асыру үшін ақша бөлінді. Бас жүлде - 1 млн 400 мың теңгеге сертификатты "Цифрлық бағдарламалық басқару арқылы пенопласты кесу шеберханасын ашу" жобасын әзірлеген Әлімхан Рүстемов жеңіп алды.

- Жобаның қолдауымен алғашқы қадамдарын жасап жатқан жастар болашақта еліміздің өркендеуіне үлес қосатынына сенімдімін. Өткен жылы байқауға барлығы 15 кәсіпкер қатысқандығы қуантады, ал биыл бұл көрсеткіш 26-ға дейін өсті. Бұл жастар кәсіпкерлігінің дамып келе жатқанын білдіреді, - деді Қайрат Әбсаттаров.

Іс-шарада сондай-ақ Қарағанды облысы әкімінің 1 млн теңге көлеміндегі гранттары табыс етілді. Оларды "Графикалық дизайн мектебі" жобасымен жезқазғандық Әйгерім Бапанова  және  "8 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға арналған бағдарлау мектебі" жобасы бар Темірлан Тілеукен иеленді.