Туристерге жол табу жеңілдейді: Қазақстанда визит-орталықтардың жұмысы жаңа тәртіппен ұйымдастырылады

Туристерге жол табу жеңілдейді: Қазақстанда визит-орталықтардың жұмысы жаңа тәртіппен ұйымдастырылады

Қарағанды облысында туристерге қызмет көрсететін төрт визит-орталық жұмыс істейді. Қарағанды қаласында мамандар қонақтарды теміржол вокзалында және Сары-Арқа әуежайында қарсы алады. Балқашта екі визит-орталық орналасқан – әуежайда және қалалық жағалауда. Мұнда саяхатшылар көрікті жерлер, туристік бағыттар, орналастыру орындары мен туристік қызметтер туралы қажетті ақпарат ала алады.

Енді еліміздегі барлық визит-орталықтар бірыңғай қағидалар бойынша жұмыс істейтін болады. Тиісті стандарттарды Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі бекітті.

Құжатта ақпараттың қолжетімділігіне қойылатын бірыңғай талаптар белгіленген. Келушілерге қызмет көрсету тілін өз қалауынша таңдауға мүмкіндік беріледі. Қызмет қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде көрсетіледі.

Құжаттың жеке бөлімі туристердің қауіпсіздігіне арналған. Егер қандай да бір себептерге байланысты туристік нысанға бару немесе туристік маршрутпен жүру мүмкін болмай қалса не оған шектеу қойылса, визит-орталық бұл туралы ақпаратты алған сәттен бастап бір сағаттан кешіктірмей туристерге ескерту жасауға міндетті. Тиісті хабарлама визит-орталықтың өзінде және оның интернет-ресурсында жариялануы тиіс.

Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі адамдар мен жүріп-тұруы қиын басқа да азаматтар үшін кедергісіз орта қалыптастыру көзделген. Бұдан бөлек, визит-орталық қызметкерлерінің біліктілігіне және қызметтік әдеп нормаларына қойылатын талаптар да айқындалған.

Қағидаларда визит-орталықтардың жұмыс тәртібі де белгіленген. Олар туристік нысанның орналасқан жеріне, оған кіру тәртібіне және туристер легіне қарай жыл бойы немесе маусымдық негізде жұмыс істей алады.

Сондай-ақ жаңа қағидаларға сәйкес визит-орталықтардың жанынан дәмхана, дүкендер және басқа да сервистік қызмет көрсету нысандарын ашуға рұқсат етіледі.