
Қарағандының екі шығармашылық ұжымы Таяу Шығыстағы ең ірі мәдени іс-шаралардың бірі саналатын Иорданиядағы 40-шы халықаралық Джараш мәдениет және өнер фестиваліне қатысуда. Беделді өнер форумында Қазақстанның атынан Қали Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестігінің «Аққу» және «Арқа сазы» фольклорлық ансамбльдері өнер көрсетіп жатыр.

Фестиваль ежелгі Джараш қаласында 1981 жылдан бері өткізіліп келеді. Жыл сайын ол әлемнің әр түкпірінен келген музыкалық, театр және хореографиялық ұжымдардың басын қосып, мәдениетаралық диалогты нығайтатын беделді алаңға айналды.

Қазақстанның Иорданиядағы елшілігінің мәліметінше, қарағандылық өнерпаздардың концерті Hippodrome Theatre сахнасында өтті. Шетелдік көрермендерге Ұлы даланың мәдени мұрасын паш ететін дәстүрлі қазақ музыкасы, аспаптық шығармалар мен ұлттық билер ұсынылды. Көрермендер қазақстандық өнерпаздардың өнерін зор қызығушылықпен қабылдап, ыстық ықылас танытты.

Елшілік мәліметіне сәйкес, қазақстандық ансамбльдердің халықаралық фестивальге қатысуы ұлттық мәдениетті кеңінен насихаттауға, сондай-ақ елдер арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді.
Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі