
Қарағанды облысының құрамасы III Senat Open – 2026 ашық кубогында еліміздің үздік алты командасының қатарына енді. Қазақстандағы әуесқой шахматшылар арасындағы бұл турнирге сегіз мыңға жуық адам қатысты. Өңір намысын қорғаған спортшылар жоғары командалық нәтиже көрсетіп қана қоймай, «денсаулық сақтау саласының қызметкерлері» санатында алтын және күміс медаль жеңіп алды.

III Senat Open – 2026 ашық кубогының финалистері мен жүлдегерлерін Қарағанды облыстық мәслихатында салтанатты түрде құттықтады. Жыл сайын 20 шілдеде атап өтілетін Халықаралық шахмат күніне орай қатысушыларға Алғыс хаттар мен естелік альбомдар табысталды.

Соңғы жылдары Senat Open еліміздегі ең ауқымды шахмат турнирлерінің біріне айналды. Биыл жарысқа рекордтық көрсеткіш – сегіз мыңға жуық шахматшы қатысты.

Турнир төрт кезеңнен тұрды: швейцариялық жүйе бойынша тоғыз тур өткізілді, ойындар «рапид» форматында (10+5 уақыт бақылауымен) ұйымдастырылды. Жарысқа Эло рейтингі 2000 ұпайдан аспайтын шахматшылар қатысты.

Қарағанды облыстық мәслихатының төрағасы Нұркен Қобжанов бүгінде бұл турнирдің жай ғана жарыс шеңберінен әлдеқашан шығып кеткенін атап өтті.
– Senat Open бүгінде нағыз зияткерлік қозғалысқа айналды. Мемлекет басшысы шахматтың стратегиялық ойлау қабілетін, сабырлылықты және дұрыс шешім қабылдау дағдысын қалыптастыратынын бірнеше рет атап өтті. Бұл қасиеттер тек спортта ғана емес, кез келген мамандықта аса маңызды. Депутаттық корпус алдағы уақытта да өңір құрамасының турнирге қатысуына қолдау көрсетеді. Сонымен қатар Қарағанды қаласында ересектерге арналған Шахмат үйін ашу мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл жоба өңірдегі шахматтың дамуына жаңа серпін беретініне сенімдімін, – деді Нұркен Қобжанов.

Финалда Қарағанды облысының денсаулық сақтау саласының өкілдері ерекше табысқа жетті. Димаш Кәріпбаев өз санатында жеңімпаз атанса, Тимур Рахымжанов күміс жүлдені иеленді.
Димаш Кәріпбаевтың шахматқа деген қызығушылығын бала кезінен атасы оятқан. Ол немересіне төрт жасында шахмат ойнауды үйреткен.

– Әрине, бұдан да жақсы нәтиже көрсетуге болатын еді. Екі партияда жеңіске жетуге толық мүмкіндік болды, ойын барысы да тиімді өрбіді. Бірақ шешуші сәтте уақыт жетіспей қалды. Рапид форматында бұл өте маңызды фактор. Жалпы Қарағанды облысында шахматтың деңгейі жоғары, мықты әрі бәсекеге қабілетті ойыншылар көп, – деді Димаш Кәріпбаев.

Қарағанды облысында шахматқа қызығушылық жыл сайын артып келеді. Көптеген мектептерде оқушылар ойынның негіздерін меңгерсе, Қарағанды қаласында шахмат әуесқойларына арналған жаңа алаңдар көбейіп келеді. Бүгінде шахмат партиясын «Алаш» саябағында, Орталық мәдениет және демалыс саябағында, сондай-ақ Назарбаев даңғылында ойнауға болады.
