Азиядада Қарағанды облысының намысын кім қорғайды

Азиядада Қарағанды облысының намысын кім қорғайды

Қарағанды облысынан 46 спортшы осы күзде Жапонияда өтетін XX жазғы Азия ойындарына қатысуға үміткерлер қатарында. Олардың арасында Азия чемпиондары, әлем кубогы кезеңдерінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері, сондай-ақ құрлықтық спорт додасында жүлде үшін күресуге қауқарлы жас әрі болашағы зор атлеттер бар.

Облыс спортшыларының дайындық барысы Қарағанды облысы әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте талқыланды. Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұркен Нұратов атлеттердің жаттығу үдерісі жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын атап өтті.

XX жазғы Азия ойындары 2026 жылғы 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияның Айти мен Нагоя қалаларында өтеді. Құрлықтың ең ірі спорттық бәсекесіне 45 елден 12 мыңнан астам спортшы қатысады деп күтілуде. 

Болашағы зор спортшылар қатарында қазіргі көпсайыс бойынша Азия чемпионы Алина Чистякова, Колумбия, Франция және Қытайда өткен көркем жүзуден Әлем кубогы кезеңдерінің жүлдегерлері Наргиза Болатова, Ксения Макарова, Карина Магрупова және Виктор Друзин бар. Сондай-ақ тректегі велоспорттан «1000 метрге гит» дисциплинасы бойынша Азия чемпионы Кирилл Курдиди, бокстан Азия чемпионы Сабыржан Аққалыков, Бразилияда өткен бокстан Әлем кубогы кезеңінің күміс жүлдегері Аида Әбікеева, үстел теннисінен Алан Құрманғалиев және тағы басқа спортшылар бар.

— Әрбір спортшы үшін жеке дайындық бағдарламасы әзірленіп, жаттығу процесі бірыңғай жүйе бойынша үйлестірілуде. Жыл басынан бері біздің үміткерлер 52 оқу-жаттығу жиынына қатысып, 28 республикалық және халықаралық жарыста бақ сынады, — деді Нұркен Нұратов.

Бүгінде спортшыларды даярлауға арналған заманауи инфрақұрылым мен жағдайларды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. 

Сондай-ақ жетекші атлеттерді медициналық-биологиялық және фармакологиялық қамтамасыз ету жүйесі күшейтіліп отыр. 

Мамандар мұны спортшылардың қалпына келуін жеделдетіп, халықаралық деңгейдегі бәсекелерге жоғары дайындықпен келуіне мүмкіндік беретін маңызды фактор деп бағалайды.

Азия ойындарына ұлттық құраманың соңғы тізімі ел чемпионаттары мен халықаралық жарыстар нәтижесіне сәйкес қалыптастырылады.

Өңірде V жазғы ПараАзия ойындарына дайындық та қатар жүргізілуде. Қарағанды облысынан бұл додаға үш спорт түрі бойынша тоғыз спортшы қатысады деп жоспарланған: жүзу, жеңіл атлетика және голбол.

Жүзуден облыс намысын Диас Кенжебек, Роман Потапов, Андрей Афанасьев, Наталья Звягинцева, Сергей Кинах және Нұрдәулет Дүйсенбаев қорғамақ. Жеңіл атлетикада — Руфат Хабибуллин мен Дастан Мұқашбеков, ал голболдан Ерзат Сайлау өнер көрсетеді.

— Жалпы алғанда, Қарағанды облысының мүмкіндігі шектеулі спортшылары халықаралық аренада жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, ел намысын абыроймен қорғауға және ұлттық құрама қоржынына ПараАзия ойындарының медальдарын салуға толық әлеуетке ие, — деді Нұркен Нұратов.

Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев жоғары жетістіктер спортын дамыту мен спортшыларды қолдаудың стратегиялық маңызын атап өтті.

— Жазғы Азия ойындарына үміткер спортшыларды даярлауды күшейтіп, оларға барынша қолайлы жағдай жасау қажет. Сонымен бірге атлеттерге жан-жақты қолдау көрсетіп, олардың халықаралық аренада жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, өңір мен ел намысын лайықты қорғауына мүмкіндік беру маңызды, — деп тапсырма берді Ермағанбет Бөлекпаев.