Қарағанды облысы іскерлік байланыстарын кеңейтіп, жаңа жобаларды жүзеге асыруда

Қарағанды облысы іскерлік байланыстарын кеңейтіп, жаңа жобаларды жүзеге асыруда

Қарағанды облысына Қазақстанның түрлі өңірлерінен кәсіпкерлер мен мемлекеттік құрылымдардың өкілдері келді. 40-тан астам қатысушы аймақтағы ірі кәсіпорындардың қызметімен, инвестициялық жобалармен және өзара ынтымақтастық мүмкіндіктерімен танысты.

Кездесудің негізгі алаңы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы болды. 

Мұнда жергілікті тауар өндірушілердің өнімдерінен арнайы көрме ұйымдастырылды.

— Қарағанды облысы — қуатты өнеркәсіптік әлеуеті қалыптасқан ірі индустриялық өңір. Мұнда металлургия, машина жасау және құрылыс индустриясы қарқынды дамып келеді. Біз жаңа өндірістерді іске қосуға, кооперациялық байланысты кеңейтуге және инвестиция тартуға барлық жағдайды жасап отырмыз. Бүгінгі қол жеткізілген келісімдер ұзақмерзімді әрі өзара тиімді серіктестіктің берік негізіне айналады деп сенемін, — деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Өңірдің экономикалық және инвестициялық мүмкіндіктері туралы қатысушыларға кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Асқар Ғазалиев баяндады. 

Әсіресе, елдегі ең ірі логистикалық орталықтардың біріне айналуы тиіс CargoHUB Karaganda мультимодальды әуе хабы жобасы көпшіліктің ерекше қызығушылығын тудырды.

Ауқымды жоба әуе, теміржол және автомобиль тасымалдарын бір жүйеге біріктіріп, өңірдің транзиттік әлеуетін едәуір арттыруға мүмкіндік береді. «Сарыарқа» әуежайы басқарма төрағасы Руслан Ғаббасовтың айтуынша, Қарағанды облысының тиімді географиялық орналасуы жобаның стратегиялық маңызын күшейте түседі.

— CargoHUB Karaganda Еуропа мен Қытай арасындағы жүк тасымалын дамытуға жол ашады. Алты сағаттық ұшу радиусында ірі логистикалық тораптардың орналасуы шығындарды азайтып, тасымал тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді, — деп түсіндірді Руслан Ғаббасов.

Жоба аясында Cargocity агломерациясын құру жоспарланып отыр. Әуежай аумағы шамамен 320 гектарды құрайды. Бұдан бөлек дәл осындай көлем логистикалық инфрақұрылымды дамытуға — қоймалар, қонақүйлер, көлік және сервистік компаниялар нысандарын салуға бөлінген. Сонымен қатар жүк терминалдарының аумағы үш есеге жуық ұлғайтылып, 3,5 мыңнан 10 мың шаршы метрге дейін кеңейтіледі.

Биылғы қыркүйек айында мұнда заманауи жанармай құю кешенін іске қосу жоспарланған. Бұл Қазақстандағы батыс стандартына сай, Қытайдан жеткізілетін отын пайдаланылатын алғашқы әуежай нысаны болмақ.

Делегация мүшелері сондай-ақ Qarmet кәсіпорнына, Saran индустриялық аймағына және өңірдегі өзге де өндірістік алаңдарға барды. Қонақтарға жүзеге асырылып жатқан жобалар мен алдағы даму жоспарлары таныстырылды.

Ақмола облысынан келген кәсіпкер Руслан Шамкенов Қарағандыға нақты іскерлік мақсатпен келгенін айтты.

— Менің мақсатым — өңірдің мүмкіндіктерімен танысу ғана емес. Туристік бизнесті дамыту үшін QazTehna компаниясынан автобус сатып алуды жоспарлап отырмын әрі алдағы ынтымақтастыққа да ашықпын. Осындай кездесулер жаңа серіктестер тауып, іскерлік байланысты нығайтуға зор мүмкіндік береді, — деді Руслан Шамкенов.

Кездесу қорытындысында Қарағанды облысының кәсіпорындары мен еліміздің өзге өңірлерінен келген бизнес өкілдері арасында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.

— Ұсынылған бастамалар мен қол қойылған меморандумдар — өңірдің инвестициялық әлеуетін арттыруға, өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға және жаңа өндірістерді іске қосуға бағытталған нақты қадамдар. Ендігі басты міндет — қол жеткізілген келісімдерді уақытылы әрі тиімді жүзеге асыру, — деп қорытындылады Ермағанбет Бөлекпаев.