Қарағанды облысының көлік саласы жаңарып жатыр: жаңа автобустар, пойыздар мен әуе рейстері іске қосылуда

Қарағанды облысының көлік саласы жаңарып жатыр: жаңа автобустар, пойыздар мен әуе рейстері іске қосылуда

Қарағанды облысы еліміздегі ең ірі әрі стратегиялық маңызы жоғары көлік тораптарының бірі саналады. Өңірдің тиімді географиялық орналасуы Қазақстанның кез келген бағытына автобуспен, пойызбен және әуе көлігі арқылы қатынауға мүмкіндік береді. Бүгінде облыста қоғамдық көлік жүйесін жаңарту, қатынас бағыттарын қайта қалпына келтіру және көлік инфрақұрылымын кешенді жаңғырту жұмыстары қарқынды жалғасып келеді.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Аян Шағдат қазіргі таңда облыста 197 тұрақты автобус маршруты жұмыс істейтінін айтты. Күн сайын бағыттарға шамамен 850 автобус шығады.

Өңірде автобус паркін жаңарту мәселесіне ерекше басымдық беріліп отыр.

— Өткен жылы облыстағы тасымалдаушы компаниялар шамамен 190 жаңа автобус сатып алды. Биыл да бұл жұмыс жалғасады. Қарағанды мен Теміртау қалаларында, сондай-ақ қалааралық бағыттарда тағы 100-ге жуық жаңа автобус сатып алу жоспарланған, — деді Аян Шағдат.

Сонымен қатар облысішілік және ауданаралық бағыттар желісі де кеңейіп келеді. Қазіргі уақытта өңірде қалалар мен ауылдық елді мекендерді байланыстыратын 34 облысішілік маршрут жұмыс істейді. Өткен жылы облыс әкімінің тапсырмасымен Қарағанды — Ақтоғай арқылы Балқаш бағыты ашылды. Бұдан бөлек, Қарағанды — Ағадырь және Қарағанды — Қарқаралы рейстері қайта жанданды.

Теміржол қатынасы да тұрғындар үшін ең сұранысқа ие көлік түрлерінің бірі болып қала беруде. Басқарма әлеуметтік маңызы бар сегіз облысішілік теміржол бағыты бойынша жолаушылар тасымалын ұйымдастырады. Сонымен қатар Қарағанды арқылы шамамен 25 жұп транзиттік пойыз қатынайды.

Биыл жаз мезгілінде Қарағанды — Балқаш бағытындағы қосымша пойыз қайта іске қосылады. Пойыз маусымнан тамыз айына дейін күн аралатып қатынайды. Құрамында алты вагон болады, ал билет сатылымы қазірдің өзінде басталып кеткен.

Өңірде теміржол инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары да кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Жыл соңына дейін 14 нысанды — он теміржол вокзалы мен төрт жолаушылар платформасын қайта жаңарту жоспарланған.

Балқаш әуежайын ауқымды реконструкциялау жұмыстары да аяқталуға жақын. Қазіргі уақытта онда іске қосу және техникалық баптау жұмыстары жүргізілуде.

— Балқаш көлінің жағалауындағы туристік әлеуетті арттыру мақсатында маусым айынан бастап Qazaq Air әуе компаниясы Астана — Балқаш бағыты бойынша күнделікті рейстер орындай бастайды. Билет құны 16 мың теңгені құрайды. Сонымен қатар SCAT әуе компаниясы Алматы — Балқаш бағыты бойынша аптасына бес рет рейс ашады. Бұл бағыттағы билет бағасы да 16 мың теңге көлемінде болады, — деді басқарма басшысының орынбасары.

Әуежайдың толыққанды жұмысын қамтамасыз ету үшін оның материалдық-техникалық базасын нығайту жалғасып жатыр. Өткен және биылғы жылдары Балқаш әуежайы үшін арнайы аэродром техникасының он бірлігі сатып алынған.

Қарағанды әуежайын дамыту бағытындағы жұмыстар да жүйелі түрде жүргізілуде. Өңірдің тиімді логистикалық орналасуына байланысты мұнда жүк тасымалына арналған мультимодальды авиациялық хаб құру мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Қазіргі таңда әуежай аумағында арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді және әлеуетті инвесторлармен келіссөздер жалғасуда.

Сонымен қатар әуежай маңында авиациялық отынды сақтау және сату бойынша заманауи кешен салынуда. Жаңа өндірістік нысандарды орналастыру үшін қосымша жер телімдері бөлініп жатыр.