Қарағандыда Латвия бизнес өкілдерімен әріптестік бағыттары талқыланды

Қарағандыда Латвия бизнес өкілдерімен әріптестік бағыттары талқыланды

Қарағанды қаласында Өңірлік кәсіпкерлер палатасының алаңында Латвия Республикасынан келген бизнес-делегациямен іскерлік кездесу өтті. Басқосуда тараптар екіжақты экономикалық ынтымақтастықты дамыту әлеуетін қарастырды. Негізгі назар логистика, агроөнеркәсіптік кешен, өнім тасымалы, озық технологияларды енгізу және бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелеріне аударылды.

Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісов халықаралық серіктестіктің өңірлік экономиканы ілгерілетудегі маңызын атап өтті.

— Қарағанды облысының кәсіпкерлері үшін жаңа байланыстар орнату ғана емес, ең бастысы — ұзақ мерзімді, тұрақты әріптестік қалыптастыру, сыртқы нарықтарға шығу және бірлескен жобаларды нақты іске асыру маңызды. Біз екі ел бизнесінің өзара тиімді тоғысатын тұстарын тауып, оны нақты экономикалық нәтижеге айналдыруға мүдделіміз, — деді ол.

Облыстың кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Асқар Ғазалиев өңірдің экономикалық әлеуетіне тоқталып, инвестициялық мүмкіндіктерді таныстырды.

Кездесу барысында Қазақстан мен Балтық өңірі арасындағы көлік-логистикалық байланыстар мен транзиттік бағыттарды дамыту мәселелері де кеңінен сөз болды.

— Латвия қазақстандық кәсіпорындармен тікелей ынтымақтастықты кеңейтуге айрықша қызығушылық танытуда. Біз Қазақстанмен әріптестіктің зор әлеуетін көріп отырмыз және мұндай жүздесулер алдағы уақытта нақты келісімдер мен бірлескен жобаларға негіз болады деп сенеміз, — деді Латвия Республикасы Климат және энергетика министрлігінің парламенттік хатшысы Янис Ирбе.

Сонымен қатар, тараптар Латвиядан Қазақстанға асыл тұқымды ірі қара малды Қарағанды арқылы әуе көлігімен жеткізу мүмкіндігін де талқылады.

Іскерлік кездесу B2B форматындағы тікелей келіссөздермен қорытындыланды. Онда бизнес өкілдері өзара ынтымақтастықтың нақты бағыттарын пысықтап, алдағы бірлескен жұмыстың басымдықтарын айқындады.

Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі таратқан ақпарат бойынша