Қарағандылық оқушы қыздар гандболдан республикалық турнирдің қола жүлдегері атанды

Қарағандылық оқушы қыздар гандболдан республикалық турнирдің қола жүлдегері атанды

Қарағандылық мектеп оқушылары Қызылордада өткен гандболдан республикалық турнирде сәтті өнер көрсетті. Жарыс қорытындысы бойынша №65 жалпы білім беретін мектептің командасы Ұлттық мектеп лигасының қола жүлдесін иеленді.

Қызылорда қаласында 7–8 сынып оқушылары арасында Ұлттық мектеп лигасының гандболдан республикалық кезеңі өтті. Додаға Қазақстанның 18 өңірінен келген 200-ге жуық үздік жас спортшы қатысты.

№65 мектептің қыздар командасы Қарағанды облысының намысын абыроймен қорғап, турнир қорытындысында үшінші орынға ие болды. Команда құрамында төрт жылдан бері гандболмен тұрақты айналысып жүрген он оқушы қыз өнер көрсетті.

Жас спортшылар үшін бұл — Ұлттық мектеп лигасының республикалық кезеңіне екінші рет қатысуы. Осыдан үш жыл бұрын олар Семей қаласында өткен турнирде де қола жүлдеге қол жеткізген болатын.

Команда жаттықтырушысы Константин Тюриннің айтуынша, биыл спортшылар чемпиондыққа таласуды мақсат еткен.

— Біз жарысқа бірінші орын аламыз деген сеніммен бардық. Әрине, үшінші орын да — жақсы нәтиже. Бірақ қыздар бұдан да жоғары жетістікке жете алатынын түсінеді. Енді бастысы — жаттығуды тоқтатпай, одан әрі тынымсыз еңбек ету. Келесі жылы республикалық кезеңде чемпион атанамыз деп үміттенеміз, — деді жаттықтырушы.

Команда капитаны Дарья Желамская да жарыс туралы әсерімен бөлісті.

— Жарыс өте жақсы өтті, ойынымызды лайықты деңгейде көрсеттік деп ойлаймын. Шынын айтсақ, бұдан да жоғары нәтиже күткен едік. Төрешілікке қатысты даулы сәттер болды. Соған қарамастан, жүлдегерлер қатарына еніп, облысымыздың намысын абыроймен қорғағанымызға қуаныштымыз. Барлық қарсылас мықты болды әрі жеңіске барынша дайын келген. Ендігі мақсатымыз — келесі жылы бұрынғыдан да күшейгенімізді дәлелдеу, — деді Дарья.