«Хогвартс-Экспресс» қайта жолға шығады: Қарағандыдағы балалар темір жолы 1 мамырдан бастап жұмысын бастайды

«Хогвартс-Экспресс» қайта жолға шығады: Қарағандыдағы балалар темір жолы 1 мамырдан бастап жұмысын бастайды

Қарағандыда 1 мамырдан бастап Орталық мәдениет және демалыс саябағында орналасқан балалар темір жолы қайтадан жұмысын жандандырады. Аттракционның жаңа маусымы дәстүрлі кесте бойынша өтеді: бейсенбі және жұма күндері сағат 12:00-ден 18:00-ге дейін, ал демалыс және мереке күндері 11:00-ден 18:00-ге дейін ашық болады.

Жол жүру құны — 200 теңге, үш жасқа дейінгі балаларға тегін.

Қаладағы балалар темір жолы 1957 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Поезд бір уақытта 110 жолаушыға дейін қабылдай алады, маршруттың ұзындығы шамамен 4,5 шақырым, ал сапар уақыты орта есеппен 20 минутты құрайды.

2022 жылдан бері аттракцион Harry Potter стилінде безендірілген: поезд «Хогвартс-Экспресске» ұқсатып жасалған, ал станция 9¾ платформасы түрінде рәсімделген. Аумағында тақырыптық декорациялар да бар — олардың қатарында Хагридтің лашығы мен Ford Anglia автокөлігі бейнеленген.

Балалар темір жолын табу үшін «Чао-Ян» мейрамханасының жанынан оңға бұрылып, роллердромға дейін жетіп, кейін солға бұрылып, станцияға дейін тіке жүру қажет.