Қарағандылық Аида Әбікеева бокстан Әлем кубогының күміс жүлдегері атанды

Қарағандылық Аида Әбікеева бокстан Әлем кубогының күміс жүлдегері атанды

Бразилияның Фос-ду-Игуасу қаласында World Boxing федерациясының қолдауымен өткен Әлем кубогының кезеңі аяқталды. Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте үшінші орын алып, алаң иелері мен Қытай құрамасына жол берді. Ал қарағандылық боксшы Аида Әбікеева финалға дейін жетіп, жарысты күміс медальмен қорытындылады.

Спортшы 65 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түсті. Жартылай финалда ол бельгиялық Ошин Дириюмен кездесіп, 4:1 есебімен сенімді жеңіске жетті.

Финалда Аида Әбікеева өзбекстандық Навбахор Хамидовамен қолғап түйістірді. Тартысты өткен жекпе-жекте қазақстандық боксшы әдемі өнер көрсетіп, басымдықты өз қолына алуға тырысқанымен, қарсыласы мықтырақ болды.

Аида өзінің Instagram парақшасында жанкүйерлерге қолдауы үшін алғыс айтып, турнирдегі нәтижеге қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, бұл көрсеткіш көңілінен шықпаған, себебі басты мақсат — алтын медаль болған.

«Алайда бәрі әрдайым жоспарлағандай бола бермейді. Алда — осы жылдың ең маңызды жарысы, Азия ойындары. Сол уақытқа дейін қателіктермен жұмыс істеп, Қазақстанның туын әлі талай рет көкке көтеру үшін бар күшімді саламын», — деп жазды Аида Әбікеева.