
Zhas Projec Жастар корпусын дамыту жобасы Жаңаарқа ауданында Zolotaya тігін шағын цехын ашуға 1 млн теңге грант берді.
Стартап іс-шарасы - Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі мен ҚР Білім және ғылым министрлігінің бірлескен жобасы.
Атасу кентінің тұрғыны Әйгерім Бекмырза тігіншілер ұрпағы болып табылады. Әжесі мен анасы бүкіл отбасына арнап киім тіккен шеберлер.
- Жұбайымның анасы да тігеді. Мүмкін, бұл менің тағдырым шығар. Мен Қарағанды экономикалық колледжінде "Стандарттау, метрология және сертификаттау" мамандығы бойынша оқыдым. Бірақ содан кейін ол сала менікі емес екенін түсіндім. Алдымен тігін курстарын бітірдім, содан кейін пішуду үйрендім. Тұрмыстық тігін машинкасын сатып алдым да, өзіме киім тіге бастадым. Мен, кез келген қыздар сияқты, әдемі және стильді киінгенді жақсы көремін, - дейді Әйгерім.
Тәжірибе жинап, шеберлігін шыңдай отырып, ол ауыл тұрғындарынан тапсырыс ала бастаған. Zhas Projec туралы білгенде, өтінім беруге бел буған. Оның жобасын бірден мақұлдағвн. Гранттың ақшасына сапалы және жылдам киім тігу үшін өнеркәсіптік тігін машиналарын сатып алуға мүмкіндік туды.
Жоба жүзеге асырыла бастағаннан бері Әйгерімге құрбысы Гүлайым Нұрғалиева мен жеңгесі Гүлзат Әлмағанбетова көмектесуде. Қыркүйек айынан бастап олар кенттің 30 тұрғынына тігін өнеріне үйретті.
- Бұл санатқа әлеуметтік осал топтағы әйелдер, жұмыссыздар мен көп балалы отбасылар кірді. Біз тігуді басынан бастап үйреттік. Сонымен қатар, аз қамтылған отбасылар мен жетімдерді қамтимыз, - дейді Әйгерім Бекмырза.
Жоба әлеуметтік болғандықтан, Zolotaya тігін цехы жарты жыл бойы тегін жұмыс істейді. Жоба аяқталғаннан кейін ғана қыздар бизнес құра бастайды. Әйгерім шағын цех туған ауданына одан әрі де пайда әкеледі деп үміттенеді.
- Мен бұл тек ателье ғана болмағанын қалаймын. Уақыт өте келе біз киім өндірушілер ретінде өзімізді ұсынамыз деп үміттенемін. Менің кумирім - Коко Шанель. Ол әлемдегі көптеген әйелдерге нәзік болуға және сонымен бірге ыңғайлы киіммен жүруге үлкен септігін тигізді. Мен әр түрлі дизайнерлердің шеберлік сабақтарын жиі көремін. Франция мен Италияның сән үйлеріне баруды армандаймын, - деп арманымен бөлісті Әйгерім Бекмырза.