
Қарағандыдағы «TURAN-EL орталығы» базасында ерекше спортшылар арасында облыс әкімінің ашық кубогы өтті. Жарыс Паралимпиада ойындары мен Арнайы Олимпиада бағдарламасы бойынша ұйымдастырылды.

Оған тірек-қимыл аппараты бұзылған және зияткерлік даму ерекшеліктері бар шамамен 30 шабандоз қатысты. Астана, Алматы қалалары мен Шығыс Қазақстан, Маңғыстау және Қарағанды облыстарынан командалар бақ сынады.

Қарағанды облысы бейімделген ат спорты қозғалысына жуырда ғана қосылғанымен, алғашқы нәтижелер де бар.

— Біз паралимпиадалық мәнерлеп жүру бойынша жарыстар өткізу құқығына ие болған еліміздегі үшінші өңірміз. Бұған дейін мұндай мүмкіндік тек Өскемен мен Астанада болған. Турнирді қолдаған Қарағанды облысының әкімдігіне және демеуші — Nәtige компаниялар тобына алғыс білдіреміз, — деді иппотерапия нұсқаушысы, Қарағанды облысы командасының жаттықтырушысы Амина Есина. — Бұл жарыстар тек үздік шабандоздарды анықтап қана қоймайды. Ең бастысы, адамның мүмкіндігі шексіз екенін көрсетеді: ерекше қажеттіліктері бар балалар мен жасөспірімдер өз қабілеттерін паш етіп, көрермендер атпен жұмыс істеудің оңалтуға қалай ықпал ететінін көреді.

Турнир халықаралық стандарттарға сай ұйымдастырылып, қатысушыларға қауіпсіз әрі қолайлы жағдай жасалды.

Жарыс арнайы жабыны бар заманауи жабық манежде өтті, сондай-ақ аз қозғалатын азаматтарға арналған инфрақұрылым, оның ішінде арнайы пандустар қарастырылған.

Қарағанды облысының намысын паралимпиадалық мәнерлеп жүруде Алтай Абайдуллин мен Айзере Ахметжан қорғап, екеуі де алтын медаль жеңіп алды.

Арнайы Олимпиада бағдарламасында Бақытбек Дошкин мен Ілияс Бекжігітов өнер көрсетіп, үздіктер қатарынан көрінді: Ілияс бірінші орынды иеленсе, Бақытбек екінші орынға тұрақтады.

— Бақытбектің қарсыластары тәжірибелі, бейімделген ат спортымен көптен айналысатын спортшылар болды. Ал ол клубта небәрі бір жыл ғана жаттықса да, өзін лайықты деңгейде көрсете алды, — дейді Амина Есина.

Жеңімпаздар ұлттық құрама сапына іріктеліп, алдағы уақытта халықаралық жарыстарда ел намысын қорғау мүмкіндігіне ие болады.

