
Қарағанды облысында «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясындағы «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» бағытының қорытындысы шығарылды. Финалға алты ай бойы іріктеуден өткен қатысушылар шықты. Жалпы жобаға облыстың қала және аудандарынан 1500-ден астам мемлекеттік қызметкер қатысты.
Жоба барысында қатысушылар сарапшылар комиссиясы іріктеген 15 кітаптан оқыды. Тізімде Абай Құнанбайұлының, Мұхтар Әуезовтің, Бауыржан Момышұлының шығармаларымен қатар, Ли Куан Ю мен Томас Сибел секілді шетелдік авторлардың еңбектері де бар.
Финал командалық форматта өтті. Қалалық және аудандық кезеңдердің жеңімпаздары құрама командалар құрып, қазақ және орыс лигаларында бақ сынады. Қатысушылар оқыған материалды терең меңгергенін ғана емес, командалық жұмыс дағдыларын да көрсетті.
Қазақ лигасында бірінші орынды Бұқар жырау ауданының командасы иеленді. Оның құрамында аудандық әкімдіктің ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Мейрам Төлеуов, Үміткер ауылдық округінің бас маманы Айнұр Құрдабаева және Ботақара ауылдық округінің бас маманы Ақнұр Әли бар.
Орыс лигасында Қарағанды қаласының командасы жеңіске жетті. Құрамында қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының бас маманы Лариса Гученко, Қарағанды қаласының экономика және қаржы бөлімінің сектор меңгерушісі Жұлдыз Жораева және дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Берік Досымбеков бар.
Берік Досымбековтің айтуынша, кітап оқуға деген қызығушылығы бала кезінен қалыптасқан.
— Жазғы демалыста фантастика мен шытырман оқиғалы әдебиеттерді құмарта оқитынмын, — дейді байқау жеңімпазы. - Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Кітап оқитын ұлт» жобасының маңызы зор. Менің ойымша, өмірімдегі көптеген жетістіктерім кітаптың арқасында қалыптасты. Кітаптар дұрыс ойлау жүйесін қалыптастырып, дүниетанымды кеңейтеді, рухани әрі эмоционалдық тұрғыда дамытады. Жақсы кітап — өмірдегі шынайы бағдаршам.
«Кітап оқитын ұлт» жобасы пилоттық режимде еліміздің үш өңірінде — Қарағанды және Қостанай облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында жүзеге асырылуда. Қатысушылар саны бойынша көш бастап тұрған өңір — Қарағанды облысы. Алдағы уақытта жобаны республика бойынша кеңейту жоспарланып отыр.