Қарағандыда саяжай алқаптарына апаратын веложол салынуда

Қарағандыда саяжай алқаптарына апаратын веложол салынуда

Қарағандыда велоинфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасуда. Саяжай алқаптарына апаратын бағытта велосипедшілерге арналған бөлек жол пайда болады. Жоба қала тұрғындарының өтініші негізінде жүзеге асырылып жатыр. Бұл бастама облыс әкімімен кездесулерде бірнеше рет көтеріліп, енді нақты іске көшті.

Веложол бағыты Е. А. Бөкетов атындағы университеттен басталып, Фёдоров су қоймасы ауданы арқылы саяжайларға дейін созылады. Қарағанды қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ержан Көкішевтің айтуынша, веложолдың ұзындығы 4,5 шақырымды, ал ені 2,5 метрді құрайды. Бұл қарсы бағытта келе жатқан велосипедшілердің еркін қозғалуына мүмкіндік береді.

Құрылыс жұмыстарын қысқа мерзімде — екі ай ішінде аяқтау жоспарланып отыр. Жол барлық талаптарға сай салынады: бірнеше қабаттан тұрады, атап айтқанда, тасты негіз, қиыршық тас, еленген материал және асфальт жабындысы қарастырылған.

Жобаның пайдасы тек велосипед мінушілермен шектелмейді. 

Веложол автокөлік қозғалысын жеңілдетіп, жол жүктемесін азайтуға және экологиялық жағдайды жақсартуға ықпал етеді.