
Қарағандыда қалалық маңдайшалар мен жарнамалық баннерлердегі мәтіндерді жүйелеу жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл бағыттағы кезекті кезең «Сауатты жарнама – сапалы қызмет» әлеуметтік жобасы аясында өткен дөңгелек үстелде талқыланды.

Жобаны облыстық тілдерді дамыту басқармасына қарасты Тілдік ресурстық орталық жүзеге асыруда. Негізгі мақсат — кәсіпкерлер мен мемлекеттік қызмет көрсететін ұйымдарға көрнекі ақпаратты қазақ тілінде сауатты, қателіксіз әрі заң талаптарына сай рәсімдеуге көмектесу.

Биыл 2000-нан астам шағын және орта бизнес нысанын қамту жоспарланып отыр. Бұл ретте тексеруден гөрі түсіндіру жұмыстарына және кәсіпкерлерге қолдау көрсетуге басымдық берілген. Жоба аясында құқықтық бағыттағы оқыту тренингі де ұйымдастырылды.

Алғашқы кездесуде жұмыс тобының құрамы бекітілді. Оның құрамына тіл мамандары, аудармашылар, қоғамдық белсенділер, еріктілер мен журналистер енді. Қатысушылар тіл және жарнама туралы заң талаптарын жан-жақты талқылап, алдағы жұмыс жоспарын айқындады.
Жоба үйлестірушісі Гүлназ Мұстағұлова мониторингтен бастап кәсіпкерлерге нақты көмек көрсетуге дейінгі іс-қимыл алгоритмін таныстырды.
Академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің психологы Аружан Төлегенқызы эмоцияларды басқару және жанжалдардың алдын алу тақырыбында тренинг өткізді. Қатысушылар нақты жағдайларды талқылады: клиенттермен түсініспеушілік, тілдік кедергілер, жарнамадағы даулы тұжырымдар. Талқылау ашық әрі пайдалы өтіп, мамандар тәжірибе алмасып, тиімді шешімдер іздеді.

Сонымен қатар «Көрнекі ақпарат пен жарнама тілін біріздендіру» акциясы іске қосылды. Оның аясында «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы», «Жарнама туралы» және «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңдардың сақталуына мониторинг жүргізіледі.
Көшпелі іс-шаралар барысында жұмыс тобы заңбұзушылықтарды тіркеп қана қоймай, кәсіпкерлерге нақты көмек көрсетеді: түсіндірме буклеттер таратып, кеңес береді және практикалық қолдау ұсынады. Сонымен қатар мемлекеттік және орыс тілдерінде бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы ақпараттық жұмыс жүргізілуде.

Кәсіпкерлер жарнама мәтіндері мен маңдайшаларды мемлекеттік тілге тегін аудара алады. Ол үшін +7-775-163-00-00 нөмірі бойынша «жедел желі» жұмыс істейді. Бұдан бөлек, кеңес алуға, дайын аудармалар базасын пайдалануға және мамандарға жүгінуге мүмкіндік беретін Telegram-бот іске қосылған.
Жоба 2020 жылдан бері жүзеге асырылып келеді және жыл сайын қамту аясын кеңейтіп отыр.

Қарағанды облысының тілдерді дамыту басқармасының басшысы Алма Шалабаеваның айтуынша, жоба тек бақылауға емес, бизнесті қолдауға бағытталған.
— Жоба Қарағандыда мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуге және көрнекі ақпарат пен жарнаманы сауатты рәсімдеу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Біздің міндетіміз — кәсіпкерлік субъектілері мен қызмет көрсету саласы ұйымдарына тіл және жарнама заңнамасының нормаларын дұрыс қолдану үшін әдістемелік әрі практикалық көмек көрсету, - деді Алма Шалабаева.

Жұмыс 2026 жылдың қараша айына дейін жалғасады. Осы уақыт ішінде шағын және орта бизнес нысандарын барынша қамту жоспарланған. Қазірдің өзінде кәсіпкерлерге жедел көмек алуға және мамандармен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік беретін цифрлық және кеңес беру құралдары енгізілген.
Фото: Қарағанды облысының тілдерді дамыту басқармасы