
Қарағандыдағы «Буратино» қуыршақ студиясы қала тұрғындары мен қонақтарына театрдың сахна сыртындағы құпияларын таныстырмақ. 14 сәуір күні сағат 14:00-де мұнда актер, жазушы және режиссер Сергей Образцовтың 125 жылдығына арналған «Қуыршақ сахнасының сиқыршысы» атты арт-сағат өтеді.
Іс-шара ерекше форматта ұйымдастырылады. Алдымен «Буратино» театр-студиясының жетекшісі Марина Якимчук экскурсия жүргізеді. Қонақтарға театрдың құрылымы мен сахнадағы сиқырдың қалай пайда болатыны жайында баяндалады.
Одан кейін кездесу көрермен залында жалғасады. Мұнда келушілерді Сергей Образцовтың өмірі мен шығармашылығы туралы қызықты әңгіме күтеді. Сонымен қатар театр-студия актерлері қуыршақтардың әртүрлі түрлерін көрсетіп, оларды басқару тәсілдерін түсіндіреді.
Арт-сағат соңында Образцовтың өмірі мен шығармашылығына арналған кітап көрмесіне шолу жасалады.
Кіру тегін. Жас шектеуі жоқ.
Сергей Образцов — қуыршақ театрының танымал актері, сценаристі және режиссері. 1931 жылы ол Мәскеуде Орталық қуыршақ театрын құрды және 1992 жылы өмірден өткенге дейін оның тұрақты жетекшісі болды. Оның қоржынында балалар мен ересектерге арналған 70-тен астам спектакль бар. Сонымен қатар ол көркем және деректі фильмдер, спектакль-фильмдер мен анимациялық туындыларды жасауға қатысқан.