
Қарағандыда оқушылар ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің 185 жылдығына орай «Ыбырай алауы» атты мюзиклді сахналады. Премьера оның есімі берілген мектеп-лицейде қалалық білім бөлімінің «Интеллектуалдық жаңғырту» жобасы аясында өтті.

Көрермендерге ағартушының өмір жолының негізгі кезеңдерін бейнелейтін театрландырылған көріністер, вокалдық нөмірлер мен көркем композициялар ұсынылды. Әсіресе оның қазақ балаларына арналған алғашқы мектептерді ашудағы қызметіне және қыздар білімін дамытуға қосқан үлесіне ерекше назар аударылды.

Мектеп-лицей директоры Раиса Кенешова тақырыптың таңдалуы мерейтойлық датаға байланысты болғанын атап өтті.
— Биыл Ыбырай Алтынсариннің 185 жылдығына орай мюзикл дайындау туралы шешім қабылдадық. Қойылымда оның өмірінің негізгі кезеңдері, ағартушылық қызметі, сондай-ақ білім беруді дамыту жолында кездескен қиындықтары көрініс тапты, — дейді Раиса Кенешова.
Қойылымға дайындық төрт айға созылған. Жобаға 100-ден астам адам — педагогтер мен оқушылар, соның ішінде бастауыш сынып оқушылары да қатысқан. Басты рөлдерді 10–11 сынып оқушылары сомдады, сондай-ақ сахнада балалар және педагогикалық хорлар өнер көрсетті.
Спектакльдің музыкалық негізін композитор Әбілахат Еспаевтың «Ұстазым, менің ұстазым» шығармасы құрады. Заманауи технологиялар қолданылған сахналық шешімде көрермендерге туындының жазылу тарихына қатысты Балқожа бидің немересі Ыбырайға жазған хаттарымен байланыстырылған көркем интерпретация ұсынылды.
Қарағанды қалалық білім бөлімінің басшысы Есентай Әшім мұндай жобалардың жүйелі тәжірибеге айналып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бастама оқушылармен жұмыс істеудің заманауи форматтарын енгізуге, соның ішінде театр, вокал және музыканы тоғыстыратын синтетикалық өнер жанрлары арқылы жүзеге асыруға бағытталған.
— Қарағандыда мектеп мюзиклдерін заманауи интеграциялық жанр ретінде сахналау тәжірибесі дамып келеді. Бүгінгі таңда бұл — он алтыншы қойылым. Жоба оқушылардың шығармашылық құзыреттерін дамытуға бағытталған және қалалық фестивальмен қорытындыланады, — деді Есентай Әшім.

Оның сөзінше, қойылымдар өнер мектептері мен музыкалық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен сараптамалық бағалаудан өтеді. Бұл ретте олардың білімдік және тәрбиелік әсеріне ерекше мән беріледі.
Мектепте ғылыми-зерттеу жұмыстарына да айрықша көңіл бөлінеді. 2022 жылдан бері оқу орны Қостанайдағы мемориалдық мұражаймен ынтымақтастық орнатып, ағартушының өмірі мен еңбегіне арналған мультимедиялық және анимациялық материалдарды оқу үдерісіне енгізіп келеді.
Фото: Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп-лицейдің баспасөз қызметі