Қарағандылықтар қоғамдық-гуманитарлық пәндер бойынша республикалық олимпиадада жүлделі орындарға ие болды

Қарағандылықтар қоғамдық-гуманитарлық пәндер бойынша республикалық олимпиадада жүлделі орындарға ие болды

Қарағанды облысының оқушылары қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы республикалық олимпиадада үздіктер қатарынан көрінді. 10–11 (12) сынып оқушылары арасында өткен додада өңір намысын қорғаған 11 қатысушының бесеуі жүлделі орын иеленіп, оның ішінде алтын медальға қол жеткізді. Тараз қаласында өткен зияткерлік сайысқа Қазақстанның 270 дарынды оқушысы қатысып, 121 жүлде сарапқа салынды.

Олимпиада үш пән бойынша өткізілді: қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілінде оқытатын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті және Қазақстан тарихы. Қатысушылар теориялық біліммен қатар көркем мәтіндерді талдау, тарихи дереккөздермен жұмыс істеу және дәлелді ғылыми пайымдар құра білу дағдыларын көрсетті.

Қарағанды облысы атынан ең жоғары нәтижені Н. Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Елжас Алпысбаев көрсетті. Ол Қазақстан тарихы пәні бойынша бірінші орынды иеленіп, алтын медаль жеңіп алды.

– Олимпиадаға дайындық 7-сыныптан басталды. Алғаш рет 9-сыныпта облыстық кезеңге қатысып, үшінші орын алдым, 10-сыныпта екінші орын иеленіп, республикалық кезеңге жолдама алдым. 2025 жылы мақтау грамотасымен марапатталдым, ал биыл облыстық кезеңде жеңіске жетіп, республикада ең жоғары нәтижеге қол жеткіздім. Бәсекелестік өте жоғары болды — 11-сыныптар арасында 50-ден астам мықты қатысушы бақ сынады. Бірнеше жыл бойы еңбектенген нәтижем ақталып, ұстаздарымның сенімін ақтағаныма қуаныштымын, – деді Елжас.

Жүлдегерлер қатарында сондай-ақ:

– Қазақстан тарихы пәні бойынша үшінші орын — Назерке Нұртілеуқызы (БИЛ №2);

– қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша екінші орын — Сабина Марланқызы (Н. Нұрмақов атындағы ММЛИ);

– орыс тілінде оқытатын мектептердегі қазақ тілі пәні бойынша үшінші орын — Арина Бенке (Н. Нұрмақов атындағы ММЛИ) және Ясмин Гаджиева (№97 гимназия).

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің I, II және III дәрежелі дипломдарымен, сондай-ақ алтын, күміс және қола медальдармен марапатталды.

Биыл республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңі еліміздің алты өңірінде өтуде. Қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша 720 оқушы, ал жаратылыстану-математикалық бағытта 925 оқушы қатысып жатыр. Оның ішінде 423 оқушы жеңімпаз атанған.

Зияткерлік сайыстар эстафетасын 9–13 сәуір аралығында Шымкент қаласы жалғастырады.

Фото: «Сарыарқа дарыны» РҒПО