
Қарағанды облысында вакцина сақтау және тасымалдау жүйесін автоматтандыру бойынша Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының пилоттық жобасы іске асырылуда. Бұл жүйе жеткізуден бастап қолдануға дейінгі барлық кезеңдерде нақты уақыт режимінде температуралық режимді қадағалап, препараттардың қауіпсіздігі мен тиімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жобаның іске асырылуы жөнінде аппараттық кеңесте санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Юрий Залыгин хабарлады.
— 2025 жылы Қарағанды облысы республикада жалғыз болып, вакцина сақтау, тасымалдау және қолдану кезінде «суық тізбек» жүйесін автоматтандыру бойынша Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының пилоттық жобасына енгізілді. Жобаның басты мақсаты – иммунобиологиялық препараттардың тиімділігі, қауіпсіздігі және сапасын сақтау, өндірушіден вакциналанатын адамға дейінгі барлық кезеңде, — деді Юрий Залыгин.
Жобаның аясында облыстың 11 нысанында онлайн-мониторинг құралдары, соның ішінде арнайы датчиктер орнатылған. Болашақта өңірдің табысты тәжірибесі бүкіл елге таратылады деп жоспарлануда.
Баяндамашының айтуынша, жалпы облыста вакцинацияны қамту деңгейі артқан. 2025 жыл қорытындысы бойынша вакцина арқылы алдын алуға болатын инфекциялар бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталды, кейбір инфекциялар бойынша аурушаңдық төмендеді.
Мысалы, адам папилломасы вирусына қарсы вакцинация жалғасуда, егулер мектептерде және емханаларда ата-аналардың келісімімен жүргізіледі. Екі ай ішінде облыста 11 жасар қыздардың 5,7%-і егілді, сондай-ақ ревакцинация да жүргізілуде.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев тұрғындардың профилактикалық егулермен қамтылуын және «суық тізбек» талаптарының сақталуын бақылауды жалғастыруды, сондай-ақ тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.