
Қарағанды қаласындағы «Шахтёр» стадионында футбол алаңын жылыту жүйесі тестілік режимде тексерілді. Алаң астына тартылған шамамен 40 шақырым құбыр мен 26 тонна антифриз жүйенің негізгі элементтерін құрайды. 1954 жылы салынған спорт нысаны ұзақ уақыттан бері жаңғыртуды қажет етіп келген. Ауқымды модернизация өткен жылы басталған болатын. Биыл жоба толық аяқталады деп жоспарланып отыр: трибуналар, прожекторлық жарықтандыру жүйесі және стадион тостағаны жаңартылады.

Жұмыс барысын облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев тексерді. Оған алаңды жылытуға арналған жаңа жүйе таныстырылды. Жүйені іске қосу көгал жамылғысын сақтауға мүмкіндік беріп, суық мезгілде де жаттығулар мен матчтарды өткізуге жол ашады.

Стадионды қайта жаңарту кезең-кезеңімен жүргізілуде.

«Шахтёр» КМҚК директоры Нұрлан Рыстиннің айтуынша, өткен жылы алаң астындағы 50 сантиметрлік негіз толықтай ауыстырылып, сұйықтықпен жылыту жүйесі орнатылған, сондай-ақ жеке жылу пунктіне дейін жылу трассасы тартылған. Алаң астына Германияда өндірілген жоғары берікті полимер құбырлар төселген, олардың жалпы ұзындығы 39,5 шақырымды құрайды. Жылу тасымалдағыш ретінде көлемі 26,5 тонна аязға төзімді антифриз қолданылады.

Қазіргі уақытта жүйені сынақтан өткізу жұмыстары басталып кетті. Мамыр айында Италияда өндірілген жасанды көгал төсеу жоспарланған.

Сонымен қатар стадион инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары жалғасуда. Жаз айларында ағылшындық жаңа прожекторлық жарықтандыру жүйесін орнату, жүгіру жолдарына тартан жабынды төсеу, дыбыс жабдықтарын және трибуналар үстіне шатырлар орнату, кіреберіс топтарын жөндеу, сондай-ақ жанкүйерлерге арналған орындықтарды ауыстыру жоспарланған.
Орталық аренаны қайта жаңарту жұмыстарын қазан айында аяқтау көзделіп отыр.

Стадионда ауыр атлетика залы да жаңартылды. Бұл нысан құрылған сәттен бері жөндеу көрмеген. Жөндеу барысында шатыр, жылу, су және желдету жүйелері ауыстырылып, жаттығу құрылғылары ішінара жаңартылды. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолжетімділік қамтамасыз етілді.

Облыс әкімі спорт инфрақұрылымын жаңғырту басым бағыттардың бірі екенін атап өтті.
— Стадионды жаңғырту жұмыстарымен бір жылға жуық уақыттан бері айналысып келеміз. Басқа қалалардың тәжірибесін зерттеп, павлодарлық мамандарды тарттық. Ең бастысы — біздің климатты ескере отырып, алаңның негізі мен жылыту жүйесін дұрыс жасау. Жүйені сынақтан өткіздік, оның қалыпты жұмыс істеп тұрғанына көз жеткіздік. Жазда көгал төсеу, ал жалпы қайта жаңартуды күзде аяқтау жоспарланып отыр. Негізгі мақсат — спортшыларға заманауи жағдай жасап, жанкүйерлерге қолайлы орта қалыптастыру, — деді Ермағанбет Бөлекпаев.