
Қарағанды облыстық Н. В. Гоголь атындағы әмбебап ғылыми кітапханада этно көркем өнер бағыты бойынша акрилмен сурет салуға арналған шеберлік сабағы өтті. Қатысушылар Орталық Азия халықтарының киелі нышаны саналатын тұмар бейнесін арқау еткен этностильдегі туындыларын жасады.

Шығармашылық кездесу кітапхана жанынан құрылған Шеберлер клубының жұмысы аясында ұйымдастырылды. Наурыз мейрамы қарсаңында өткен бұл шара ұлттық құндылықтарды дәріптеуді мақсат етіп, өнерге қызығушылығы бар барша тұрғынға арналды.

Шеберлік сабағы барысында қатысушылар тек сурет салып қана қоймай, тұмардың жасалу технологиясы, ұлттық ою-өрнектердің ерекшеліктері және олардың мағыналық мазмұнымен кеңінен танысты. Оқытушы әрбір элементтің символикасын тарқатып, оның мәдени-рухани мәнін терең түсіндіріп берді.

– Бұл жолғы шеберлік сабағына барлығы 12 адам қатысты. Қатысушылардың басым бөлігі – егде жастағы әйелдер. Дегенмен біз жастарды да белсенді қатысуға шақырамыз, алдағы уақытта өтетін іс-шаралар мен шеберлік сабақтарына қуана күтеміз. Қонақтарымыз әрдайым жоғары бағасын беріп жатады, бұл жолы да олардың көңілінен шықты. Әр қатысушы өз туындысын естелік ретінде үйіне алып кетті, – деді өнер әдебиеті бөлімі кітапханашысы, Шеберлер клубының үйлестірушісі Элина Шевченко.

Айта кетейік, Шеберлер клубының алдағы сабақтары туралы ақпаратты Karlib_kz Instagram парақшасынан және кітапхананың ресми сайтынан білуге болады.

Шеберлік сабақтарына қатысу тегін, алайда қажетті материалдарды қатысушылар өздерімен бірге алып келуі тиіс.