
9–11 (12) сынып оқушылары арасында өткен экономика және қаржы пәндері бойынша республикалық олимпиадада Қарағанды қаласының мектеп оқушылары үш жүлделі орынға ие болды. Финалдық кезеңге 120-дан астам зияткер қатысты. Қарағанды облысының намысын Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары қорғады. Олардың үшеуі — Нұрбақыт Сұлтан, Нұрбек Қалиев және Хакім Бекішев — қола медаль жеңіп алды.

Олимпиаданың маңызды ерекшеліктерінің бірі — қатысушыларға қойылған талаптардың жоғары болуы. Байқауға қатысу үшін оқушылардың ағылшын тілін меңгеру деңгейі кемінде B1 деңгейінен төмен болмауы тиіс еді.
Зияткерлік сайыс екі турдан тұрды: бірінші кезеңде қатысушылар экономика пәні бойынша 50 тестік сұрақ пен үш ашық сұраққа жауап берді. Ал екінші турда тапсырмалар қаржы тақырыбына арналды.
11-сынып оқушысы Хакім Бекишев болашақ мамандығы ретінде экономиканы таңдаған.
— 10-сыныптан бастап экономиканы кітаптар мен әлеуметтік желілердің көмегімен өз бетімше оқи бастадым. «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастыратын экономика және қаржы бойынша олимпиада туралы білгенде бірден қызығушылық танытып, республикалық кезеңге өтуді мақсат еттім. Бұған дейін экономика бойынша түрлі олимпиадаларға қатысқанмын. Бірақ мұндай деңгейдегі жарыста алғаш рет жүлделі орын алып отырмын. Жалпы сұрақтар аса күрделі болған жоқ, облыстық кезеңдегідей деңгейде болды, — деді Хакім.

Олимпиаданың тағы бір қола жүлдегері Нұрбақыт Сұлтан да бұл сайыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.
— Экономика мен қаржы — шын мәнінде қызықты әрі сұранысқа ие сала. Сондықтан мен осы пәндерді таңдадым. Олимпиада бағдарламасы өте мазмұнды болды және жарқын, есте қаларлық сәттерге толы өтті. Қатарластарымызбен бірге қатысу, білімімізді тексеру және зияткерлік бәсекеде бақ сынау әрқайсымызға өз мықты тұстарымызды көрсетуге мүмкіндік берді. Меніңше, жарысқа алдын ала дайындалып, күш салған қатысушылар тапсырмаларды орындау барысында ерекше қиындық көрген жоқ, — деді Нұрбақыт.
Зияткерлік сайыстың қорытындысы бойынша 2026 жылы өтетін IEO – 2026 экономика бойынша халықаралық олимпиадасына қатысатын ұлттық құрама жасақталады.