
Қарағанды облысында ауыл жастарының кәсіби, әлеуметтік және шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған «Ұлт қазынасы» жобасының екінші легі іске қосылды. Алғашқы пилоттық кезеңнің қорытындылары мен енгізілген жаңашылдықтар туралы жобаның ұйымдастырушылары мен менторлары Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтып берді.
«Ұлт қазынасы» жобасы алғаш рет пилоттық форматта 2025 жылдың қыркүйегінде іске қосылған болатын. Жобаға 14 пен 24 жас аралығындағы жастар қатысты.
Жобаның негізгі мақсаты — ауылдық жерлердегі дарынды жастарды анықтау, олардың әлеуетін қолдау және дамыту, сондай-ақ білім алуға, кәсіби дамуға және әлеуметтік мүмкіндіктерге тең қолжетімділік қалыптастыру.
Жобаның басты ерекшеліктерінің бірі — тәлімгерлік жүйесінің енгізілуі. Ашық іріктеу нәтижесінде тоғыз ментордан тұратын тәлімгерлер пулы қалыптастырылды. Олардың қатарында білім беру, кәсіпкерлік, медицина, мәдениет, мемлекеттік қызмет және басқа да салаларды ұсынатын, жасы 25 пен 50 аралығындағы табысты мамандар бар.

Менторларды таңдау арнайы онлайн-платформа арқылы жүргізілді. Дауыс беруге шамамен 7 мың адам қатысып, бұл жобаға деген жоғары қызығушылықты көрсетті әрі жастардың пікірін ескеруге мүмкіндік берді.
Жобаны жүзеге асыру барысында менторлар облыстың түрлі аудандарына барып, жастармен ондаған кездесу өткізді. Кездесулерде жастар өз армандары, мақсаттары мен идеялары туралы айтып, болашақ мамандыққа қатысты сұрақтар қойды. Соның нәтижесінде әрбір ментор үш тәлім алушыны таңдады.
Олармен кейін жеке жұмыс жүргізілді: түрлі кәсіби бағыттар бойынша шеберлік сабақтары, тәжірибелік кездесулер, кеңестер мен оқыту іс-шаралары, сондай-ақ кәсіби бағдар беру жұмыстары ұйымдастырылды.
Биыл «Ұлт қазынасы» жобасы жаңартылған әрі кеңейтілген форматта жүзеге асырылмақ.

— Пилоттық кезең жобаның жастар арасында үлкен қызығушылық тудыратынын көрсетті. Жинақталған тәжірибені ескере отырып, 2026 жылғы іріктеуде жобаның ауқымын кеңейтіп, қатысушылар санын арттыруды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар менторлар мен жастар арасындағы өзара әрекет форматы жетілдіріліп, кездесулердің мазмұны практикалық бағытқа көбірек бейімделеді, — деді «Ұлт қазынасы» жобасының координаторы Азиза Есенқұлқызы. — Менторлар үшін тәжірибелі арнайы спикермен жұмыс енгізілді. Жастармен кездесулер басталғанға дейін олар шағын аудиториямен жұмыс істеу бойынша дайындық курсынан өтеді. Сондай-ақ ментор мен менти арасындағы өзара әрекет мерзімі бір айдан үш айға дейін ұзартылды.
Жаңа маусымда кездесулердің географиясын кеңейту жоспарланып отыр. Сонымен қатар жоспарланған үш іс-шараның бірі ментордың туған жерінде өткізіледі. Жалпы жоба форматы өзінің негізгі идеясын — ұрпақтар сабақтастығын дамыту қағидатын сақтап қалады.

Ментор Аманжол Әбдірахмановтың айтуынша, бұл жоба оған өте жақын, себебі ол өзі де ауылдық өңірден шыққан және аудан жастарын қолдайтын осындай бастамалар бұрын жетіспегенін айтады.
— Менің ойымша, жобаның басты нәтижелерінің бірі — жастардың өз-өзіне деген сенімінің артуы. Көптеген қатысушылар болашағына нақты жоспар құрып, даму бағыттарын айқындай бастады. Мұндай бастамалар жастарға өз әлеуетін толық ашуға мүмкіндік береді. «Ұлт қазынасы» жобасы, шынында да, қала жастарына қарағанда мүмкіндігі аз ауыл жастарын серпілтіп, дамуына серпін берді, — дейді Аманжол Әбдірахманов. — Биыл да «Ұлт қазынасы» жобасы дамуын жалғастырып, ауыл жастары үшін жаңа мүмкіндіктер ашады деп сенемін.
Жоба аяқталғаннан кейін де менторлар өз тәлім алушыларымен байланысын үзбейді. Олар жастарға кәсіби байланыстарын қалыптастыруға және болашаққа жоспар құруға көмектесіп келеді.