Өмір сүруге мүмкіндік: Қарағандыда алғаш рет қолқа коарктациясы бар нәрестеге ота жасалды

Өмір сүруге мүмкіндік: Қарағандыда алғаш рет қолқа коарктациясы бар нәрестеге ота жасалды

Қарағанды қаласындағы №2 көпбейінді ауруханада (Кардиоорталық) алғаш рет үш айлық қыз балаға жүрекке күрделі ота жасалды. Нәрестенің өмірін жергілікті және елордалық дәрігерлерден құралған команда сақтап қалды.

Оқиға бастапқыда аса қатер төндірмейтіндей көрінген диагноздан басталды. Қыз бала пневмониямен №1 көпбейінді ауруханаға жатқызылған. Алайда тексеру барысында дәрігерлер қауіпті патология — қолқа коарктациясын анықтады. Бұл — туа біткен жүрек ақауы, мұнда ағзаның негізгі қантамыры күрт тарылып, қан айналымы бұзылады.

Диагноз туралы ата-анасына бірден хабар беріліп, бала шұғыл түрде Кардиоорталыққа ауыстырылды. Консилиум өткізіліп, мамандар елдің жетекші кардиохирургтарының қатысуымен өтетін шеберлік сабағы аясында ота жасау туралы шешім қабылдады.

Қарағандыға University Medical Center (UMC, Астана) құрамынан кардиохирург Ғалымжан Өтегенов пен анестезиолог Хафиз Ахмеров келді.

Ота бес сағатқа жуық уақытқа созылды. Дәрігерлер қолқа коарктациясын резекциялап, «ұшынан-ұшына» анастомоз салу арқылы қан айналымын толық қалпына келтірді. Ота барысында ашық артериялық өзек те анықталып, ол сәтті түрде лигирленді.

— Өмірінің алғашқы айларындағы балаларда қолқаның критикалық коарктациясы шұғыл хирургиялық араласуды талап етеді. Ота техникалық тұрғыдан күрделі болды, алайда жоспарлы режимде өтті. Біз тарылуды және қатар жүретін патологияны толық жойдық. Қазір көп нәрсе операциядан кейінгі оңалту кезеңіне байланысты. Баланың жағдайы сенім ұялатады, — деді кардиохирург Ғалымжан Өтегенов.

№2 көпбейінді аурухананың балалар кардиохирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі Ғанибек Ақжанов бұл оқиғаның өңір үшін маңызын атап өтті:

— Бұл — біздің аурухана қабырғасында жасалған осындай алғашқы ота. Бұған дейін мұндай науқастар республикалық орталықтарға жіберілетін. Елордадағы әріптестерімізбен ынтымақтастықтың арқасында жоғары технологиялық көмекті өз орнымызда көрсете алдық. Бұл Қарағандыда балалар кардиохирургиясын дамытудағы маңызды қадам.

Қазір қыз бала жансақтау бөлімінде мамандардың тұрақты бақылауында. Дәрігерлер оң динамиканы атап өтіп, сәтті сауығып кетеді деп үміттенеді.

— Біз жүрек ақауы барын мүлде білмедік — бұл біз үшін үлкен соққы болды. Дәрігерлер өте жылдам әрекет етті. Ең бастысы — ота сәтті өтті. Біз ештеңе төлемедік, барлығы медициналық сақтандыру аясында тегін жасалды. Қызымыздың өмірін сақтап қалған дәрігерлерге шексіз алғысымызды білдіреміз, — дейді баланың әкесі.

Медициналық сақтандыру қорының Қарағанды филиалының ақпараты бойынша