
Екі бірдей кәсіби шеберлік байқауы Қарағанды облысына жүлделі орындар әкелді: Қарағанды техникалық-құрылыс колледжінің өндірістік оқыту шебері Мұхаметәли Исайын «Кірпіш қалау» құзыреттілігі бойынша өткен «Үздік қалаушы» өңіраралық байқауында жеңімпаз атанса, Қарағанды теміржол колледжінің студенті Керімқұл Шыңғыс тау-кен техникалық бағыты бойынша республикалық жарыста «Теміржол локомотиві» санатында екінші орынды иеленді.

Өңіраралық «Үздік қалаушы» байқауы Көкшетау қаласында өтті. Алаң ретінде қалалық құрылыс-технологиялық колледжі таңдалды. Сайысқа Қарағанды, Павлодар және Ақмола облыстарының техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің педагогтері мен Астана қаласындағы құрылыс кәсіпорындарының мамандары қатысты. Қатысушыларға берілген сызбаға сәйкес құрылыс нысанын қатаң бағалау талаптарын сақтай отырып тұрғызу тапсырылды: жіктердің сапасы, өлшем дәлдігі, қалау геометриясы мен түзу сызықтылығы есепке алынды. Жұмыстар WorldSkills стандарттары бойынша бағаланды.
– Байқаудың негізгі мақсаты – мамандардың біліктілігін арттыру, тәжірибе алмасу және WorldSkills стандарттарын оқу үдерісіне енгізу. Конкурстық тапсырмалар осы стандарттардағы өлшемшарттар бойынша бағаланды, – деді Қарағанды техникалық-құрылыс колледжінің арнайы пәндер оқытушысы, байқауда сарапшы ретінде қатысқан Рымбек Алтайбаев.

Ең үздік нәтижені өндірістік оқыту шебері Мұхаметәли Исайын көрсетті. Сарапшылар оның жоғары кәсібилігін, жұмысты дәл әрі сапалы орындауын және халықаралық стандарттарға сәйкестігін атап өтті.

– Тапсырма мен үшін аса қиын болған жоқ. Жарыс екі күнге созылып, жалпы 10 сағатқа жалғасты. 2024 жылы мен «Плитка қалау» пәні бойынша өткен WorldSkills республикалық байқауында екінші орын алған едім. Бұл – мен үшін үлкен жетістік, себебі байқауға өз ісінің мықты шеберлері қатысады, – дейді жеңімпаз.

Тағы бір республикалық кәсіби шеберлік байқауы Рудный тау-кен технологиялық колледжінің 60 жылдығына орай – BabySkills және JuniorSkills форматында өтті.

Қарағанды облысының командасы «Теміржол локомотиві» құзыреттілігі бойынша II орынды иеленді. Жеңімпаз атанған Қарағанды теміржол колледжінің студенті Керімқұл Шыңғыстың практикалық дағдылары мен тапсырмаларды орындау сапасын қазылар алқасы жоғары бағалады.

«Байқаудағы жеңіс – педагогтер, тәлімгерлер және қатысушының өзара үйлесімді еңбегінің, оның мақсаткерлігі мен жоғары кәсібилігінің нәтижесі. Мұндай жарыстар жұмысшы мамандықтарын дамытуға, техникалық білімнің беделін арттыруға және жастардың кәсіби қабілеттерін ашуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті колледж өкілдері.