Қарағандыдағы отбасылық былғары бизнес

Қарағандыдағы отбасылық былғары бизнес

Қарағандыдағы былғары мануфактурасының негізін қалаушылар Александр және Надежда Ермаковтар сапалы былғары сөмкелер мен галантереялар жасап, тігеді. Шеберхана 2016 жылдан бастап белсенді жұмыс істей бастады. Ал идея 2013 жылы Александрдың кішкентай хоббиінен пайда болды. Аймақтық фотоконкурста жеңіске жеткеннен кейін ол сыйлық ретінде планшет алды.

Хобби жұмысқа айналған кезде

- Мен бала кезімнен әртүрлі қолөнермен айналысқандықтан, ұтып алған планшетіме өз қолыммен мұқаба жасауға неге тырыспасқа деп ойладым, - дейді ол. - Мен ескі былғары куртканы алып, жасадым. Содан кейін теріден бұйымдар жасаумен қызыға бастадым. Мен YouTube-те оқу роликтерін көре бастадым. Бірден ең керемет брендтер - Гермес, Диор, Феррагамо және сол сияқтыларға назар аударып, соларға қарап бой түзей бастадым. Келесі жасаған нәрсем - әмиян болды. Содан кейн қолдан сөмке тігуге кірістім. Маған бірден қиын нәрсені жасау қызықты.

Александр барлығы бірден нәтиже бермейтінін мойындайды. Бірақ іске асырғысы келетін көптеген идеялары болған. Ермаков әмиян мен сөмкенің суретін Facebook-тегі парақсасына салып қойған. Ол екеуін де тез сатып алған кезде таң қалдым дейді. Осылайша хобби бизнеске айналды.

- Жалпы, мен барлық хоббиімді ерте ме, кеш пе жұмысқа айналдыруға тырысамын. 2016 жылы біз былғары сөмкелер мен аксессуарлар өндірумен нақты айналыса бастадық. Сондықтан екі жылдан кейін мен негізгі жұмысымнан кетуге мәжбүр болдым, онда мен директор қызметін атқардым. Отбасым қолдады, біз бірге өзіміздің шағын бизнесімізді құра бастадық, - дейді Александр.

Тігу үлгіден басталады

Ермаковтардың шеберханасы тапсырыс бойынша жұмыс істемейді. Әрине, адамдар өтініш жібереді. Бірақ мұнда тапсырысты орындауға асықпайды. Егер модель шеберхана негізін қалаушыларға ұнайтын болса ғана кіріседі.

- Тапсырыс бойынша жұмыс істеу өте қиын, - дейді Александрдың әйелі Надежда Ермакова. - Лекалоәзірлеу қажет, түпнұсқасын тігу керек. Оған көп уақыт және қаражат кетеді. Содан кейін адам өзі айтқан нәрсені қаламайтыны анықталуы мүмкін. Сондықтан біз тек өз схемаларымыз бойынша тігеміз. Қазір ER желісінде әртүрлі мақсаттағы сөмкелердің 20-ға жуық моделі және аксессуарлардың көптеген модельдері бар: әмияндар, белдіктер және т. б.

Шеберханадағы заттар ірі қара малдың терісінен тігіледі. Ол әр түрлі тәсілдермен өңделеді, боялады. Терінң өңдеудің ондаған нұсқалары бар. Шикізат негізінен Санкт-Петербург пен Мәскеуден сатып алынады. Сонымен қатар, ресейлік былғарының кейбір түрлері итальяндықтардан кем түспейді. Украинада керемет зауыт бар, бірақ Қазақстанда сапалы шикізатты табу мүмкін емес, себебі былғары өнеркәсібі жоқ.

- Біз итальяндық былғарыдан ең қымбат сәнді сөмкелер жасаймыз. Элиталық және сапалы материал өнімнің иесіне көптеген жылдар бойы ләззат алуға мүмкіндік береді. Жасанды материалға келетін болсақ - эко-былғары, біз онымен тек бір рет және тек клиенттің қалауына байланысты жұмыс жасадық. Біз St. Regis Astana қонақ үйінің жоғары деңгейлі қонақ бөлмелері үшін қораптар тіктік. Айта кету керек, олар бізге дейін бұл өнімдерге Лондонда тапсырыс берген, - дейді Александр Ермаков.

«Мануфактура ER» тұтынушылары

«Мануфактура ER» ірі клиенттерінің арасында көптеген танымал компаниялар болды. Олар: Kingston және Jameson, елордалық The Ritz Carlton Astana және St. Regis Astana Қонақ үйлері. Белгілі Pernod Ricard алкогольдік брендінің Қазақстандық филиалы үшін корпоративтік символикасы бар сөмкелер мен аксессуарларды тігу орындалды. Бүгінгі дағдарысқа байланысты корпоративті клиенттер тапсырыстар жасауға асықпайды. Сөмкелер мен аксессуарлардың көпшілігі қарапайым адамдарға арналған.

- Біз өз өнімдерімізді онлайн - әлеуметтік желілер мен өз сайтымыз арқылы сатамыз. Біздің өнімдеріміздің негізгі сатып алушылары – басқа елдердің адамдары мен компаниялары. Бізде тіпті өнімдерімізді сатып алған елдерді белгілеп отыратын картамыз бар. Бүгінде бұл Германия, Швейцария, Қытай, Канада және Ресей. Қазақстанда біз көбіне Алматы мен Нұр-Сұлтанда сұранысқа ие болып отырмыз. Мен Қарағандыны ешқашан қызмет ету алаңы ретінде қарастырған емеспін. Бірақ қазір біз туралы көбірек адамдар біледі, сондықтан жерлестерден де тапсырыстар түседі, - дейді Александр.

Аталмыш шеберханада жасаған ең қымбат үлкен саяхат сөмкесі 180 евро тұрады. Ал шетелде бұл кем дегенде 500 еуроға бағаланады.

- Мен әйгілі брендтерді емес, шағын шеберханада тігілген стандартты сөмкені айтамын. Біз бір сөмкені үш жұмыс күні бойы өңдейміз, теріні және фурнитураны шетелден сатып аламыз. Сондықтан баға өте әділ көрсеткіштерден қалыптасады, - деп түсіндіреді Александр.

Жапсырмадағы тарих

Бүгінгі таңда Ермаковтар отбасының бұйымдары «Мануфактура ER» маркасымен шығады. Бірақ Александрдың жоспарлары үлкен, сондықтан өткен жылы жеке сәнді бренд - Alexa HARTUNG пайда болды. Бұл шеберхана негізін қалаушының анасының тегі. Бренд халықаралық нарыққа шығу үшін арнайы жасалған. Осы брендтегі ең жақсы материалдардан әйелдер, ерлер және бизнес-сөмкелер тігіледі. Қалғанының бәрі - жол сөмкелері, сондай-ақ түрлі керек-жарақтар - «Мануфактура ER»  деген атаумен қалады.

Өзгеріссіз тек бір зат қалады, ол Александрдың ата-бабалары - Гартунг-Ермаковтардың шынайы ретрофотосуреттері бар түпнұсқа жапсырмалар. Мұндай ерекше бөлшек – брендтің визит картасы.

- Барлығы 20-ға жуық ескі отбасылық суреттер сақталған. Әр фотосурет - бұл жеке отбасының ғана емес, бүкіл ХХ ғасырдың тарихы. Менің ата-бабаларым Мәскеуде, Кингисеппте, Нижний Новгородта, Тулада және Қытай Харбинінде тұрды. Бірақ төңкерістер, соғыстар, қуғын-сүргін және эмиграция салдарынан олар Қазақстанға жер аударылды. Бұл ойдан шығарылған аңыздар емес, нақты тарихи деректер, - дейді Александр.

Надежда Ермакованың отбасының да тағдыры өте қайғылы және қиын болған. Оның кейбір ата-бабаларының мүлкі тәркіленіп, қалғандары Қазақ ССР қу даласына жер аударылған. Көп ұзамай оның туыстарының да тарихи фотосуреттері бренд өнімдерінде пайда болады.

Отбасылық іс

Мануфактура ER - бұл отбасылық бизнес. Бизнеске ерлі-зайыпты Ермаковтар ғана емес, олардың екі ұлы, тіпті ата-аналары да қатысады. Олардың барлығы қолдарымен жақсы жұмыс істей алады. Александр өзінің идеясы мен технологиялық процесін түсіндіреді, содан кейін әрқайсысына жұмысты бөліп береді.

- Мен кәсіби тігінші отбасынан шыққанмын, - дейді Надежда Ермакова. - Менің анам ұзақ уақыт Қарағанды тігін фабрикасында жұмыс істеді. Мен өзім есепші болдым. Екінші рет кіші ұлыммен декретке кеткен соң жұмысқа оралмадым. Бірақ мен әрқашан қолыммен бір нәрсе жасадым. Күйеуім бизнес құрғанға дейін мен қуыршақтар тігетінмін. Олар шетелге сатып алынды. Енді хоббиге уақыт жоқ. Мен қуыршақтарды өте сирек жасаймын және тек тапсырыс бойынша ғана. Барлық күш-жігеріміз отбасылық бизнесті дамытуға жұмсалады.

- Қазір біз шеберханамызға адамдар іздей бастадық. Бізге стратегиялық басқаруға көшу қажет. Біз бейінді білімі жоқ адамдарға қандай да бір қарапайым операцияларды тапсыра аламыз. Жарнамаға келетін болсақ, фотосуреттер мен бейнелер тұрғысынан мен өте мұқият боламын, - дейді өндірістің негізін қалаушы.

Шеберхана иесінің бұл көзқарасы түсінікті, себебі Александр Ермаков 5-ші сыныптан бері суретке түсірумен айналыса бастаған. 2008 жылы ол «Взгляд на события» газетінде, «Новый вестник» газетінде жұмыс істеді, Esquire Kazakhstan журналында жарияланды. Ол барлық сатылымдар жақсы жарнамаға байланысты болатынын біледі. Бүгін Александрдың өзі жарнамалық бейнелер түсіреді, онда оның әйелі басты рөл атқарады.

- Даму жоспарлары да бар, - дейді шебер. - Біз үлкен фабрика құрғымыз келмейді. Мүмкін, бұл өте өршіл болып көрінер, бірақ біз Prado, Louis Vuitton-ға қараймыз. Олардың үлкен өндірістері жоқ, бірақ жоғары сапалы қымбат заттары бар. Бұл брендтердің жүз жылдан астам тарихы бар. Менің өмірім көптеген елдерде танымал бренд құру үшін жеткіліксіз, бірақ мен бастама жасадым. Егер бәрі ойдағыдай болса, менің ұлдарым отбасылық бизнесті жалғастырады.