
Қарағанды облысында еріктілер жеке секторда тұратын жалғызбасты зейнеткерлердің аулаларын қардан тазарту бойынша дәстүрлі жыл сайынғы акцияны жалғастыруда. Еріктілер қарт адамдарға үй жинауға және өзге де тұрмыстық жұмыстарға көмектеседі.

Қарттарға қолдау көрсету шаралары облыстың түрлі қалалары мен аудандарында өтуде. Тек Қарағанды қаласының өзінде 2026 жылдың басынан бері еріктілер сегіз жалғызбасты адамға көмек көрсеткен.

— Жыл басынан бері Қарағандыда ардагерлер мен қарт тұрғындарды қолдауға бағытталған «Ардағым – ардагерім» атты сегіз қайырымдылық акциясы өткізілді. Еріктілер жеке үйлердің аулаларын қардан тазалап, шаруашылық жұмыстарын атқарады, қоқыс шығарады, сондай-ақ күнделікті тұрмыстық мәселелерді шешуге қолғабыс етеді, — дейді Қарағанды қалалық Жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Рахат Райымбеков.
Осындай акциялар Теміртау қаласында да тұрақты түрде ұйымдастырылады. Онда қарттарға «Шаңырақ» орталығының еріктілері Теміртау қалалық Жастар ресурстық орталығының қолдауымен көмек көрсетуде.

Нұра ауданында бұл бағыттағы жұмысты Nura arnasy волонтёрлік штабы жүргізіп келеді. Жастар жеке сектордағы аулаларды қардан тазалап, тұрмыстық мәселелерді шешумен қатар, ауыл тұрғындарына ауа райының қолайсыз кезеңдерінде де жәрдемдеседі: боран кезінде қар құрсауында қалған автокөліктерді шығарып берген.
Еріктілердің көмегіне мұқтаж қарағандылық зейнеткерлер 8-702-303-94-66 (Зангар) нөмірі арқылы өтініш қалдыра алады немесе Қарағанды қалалық Жастар ресурстық орталығының Instagram әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасына — @qaragandy_jastary хабарласа алады.
Теміртау тұрғындары @temirtau.jastary парақшасына жазып өтініш бере алады.
Нұра ауданы еріктілерінің парақшасы — @nura_arnasy_official_.