
Павлодар қаласында 2007 жылы туған және одан кіші спортшылар арасында үстел теннисі бойынша Қазақстан чемпионаты аяқталды. Елдің түкпір-түкпірінен келген 260 жас теннисші жарысқа қатысты. Қарағанды облысының атынан 15 спортшы өнер көрсетті, олардың жетеуі марапаттау рәсімінде жүлделі орынға көтерілді.
Жекелей сында сенімді жеңіске спорт шебері Альбина Жақсылықова қол жеткізді. Күміс медальді Дарья Фу, ал қола медальді Мария Лукьянова алды.

Командалық жарыстарда Қарағанды облысының құрамасы — Альбина Жақсылықова, Дарья Фу, Мария Лукьянова, Дарья Гамова және Еркежан Тілегенова ел чемпионы атанды.
Жастар арасындағы ерлер жұптық сынында алтын медальді қарағандылық Асылхан Мағзұмбеков пен Түркістан облысының спортшысы Санжар Ибахан жеңіп алды. Қыздар арасындағы жұптық жарыста күмісті Дарья Фу мен Назым Серікбай еншіледі.
Аралас жұптық сында жеңіс Павлодар облысының өкілі Қадырәлі Қабдылуахитов пен Мария Лукьяноваға бұйырды. Күміс медальді Әлiби Шоманов (ШҚО) пен Альбина Жақсылықова алды. Қола медальді Арнұр Оралханов (ШҚО) — Дарья Гамова және Қасым Нұрислам (Шымкент) — Дарья Фу жұптары иеленді.
Қарағанды облысының үстел теннисі бойынша аға жаттықтырушысы Эльмира Әлиеваның сөзінше, бұл көрсеткіштер біздің спортшылар үшін жаңалық емес. Соңғы екі онжылдық бойы қарағандылық қыздар жоғары нәтижелер көрсетіп, елдегі үздік теннисшілер қатарынан көрініп келеді.
— Бұл чемпионатта біз өз көшбасшымыз Алан Кұрманғалиевсіз өнер көрсеттік. Ол ел чемпионаты кезінде Сингапурдағы беделді халықаралық турнирде болатын. Дегенмен, спортшыларымыз тамаша нәтиже көрсетті, — деді Эльмира Әлиева.
Чемпионат қорытындысы бойынша Қазақстан жастар құрамасы жасақталады. Олар маусым айының соңында Ташкентте өтетін Азия чемпионатына қатысады.
Фото ttfrk.kz