Қарағандыда монументалды өнерді сақтау жобасы жұмыс істеуде

Қарағандыда монументалды өнерді сақтау жобасы жұмыс істеуде

Қарағанды урбанистика орталығы «Қарағанды мозаикасы» атты жұмыс атауымен жаңа жобаны іске қосты. Оның негізгі идеясы – қалалық монументалды өнерді сақтап қалу. Бүгінде Қарағанды облысы бойынша 100-ге жуық барельеф пен мозаика бар. Олардың көпшілігі өте жақсы сақталған.

Қазір барлық нысандар туралы ақпарат жиналу үстінде. Содан кейін алынған мәліметтер урбанистика орталығының базасына енгізіледі, онда монументалды өнер нысандарының мекен-жайы мен жағдайы жазылады. Кейбір нысандар тозған. Олар жартылай бұзылған немесе қараусыз қалған ғимараттарда орналасқан. Рельефтер мен мозаикалардың көп бөлігі виртуалды Google картасына қолданылады. Туристер мен қала тұрғындары бұл нысандарды өздері оңай көре алатын болады.

- Көктемге қарай Қарағандыда бірнеше композицияны қалпына келтіруді бастаймыз. Кейбір мозаикалық композициялардың авторлары әлі де осы қалада тұрады. Олар бізге көмектесуге келісімдерін берді. Бізде екі ескірген мозаиканы қалпына келтірген алматылық әріптестеріміздің үлгісі бар. Жөнделген нысадар жаңа орындарға көшірілді. Біреуі Медеу жолында, екіншісі Көк төбеде орнатылды. Мұндай нұсқаларды біз де қарастырып жатырмыз, - дейді жоба менеджері Ольга Цой.

Белсенділер Қарағанды Суретшілер одағында, мәдениет басқармасы мен бейнелеу өнері мұражайында қолдау тапты.

Бұл нысандарда тағы бір проблема бар. Заң жүзінде олар қорғалмайды. Көптеген рельефтер мен мозаика ғимараттарда орналасқандығы да белгілі бір қиындықтар туындатуда. Олардың иелері әртүрлі, сондықтан олар өздері қалаған нәрсені жасай алады: бояу, құрылыс, алюкобондпен жабу және т.б. Монументалды өнер объектілерін ескерткіштер тізіліміне енгізу процесі ұзақ және күрделі. Мысалы, Нұр-Сұлтанда мемлекет тарапынан бір ғана мозаикалық композиция қорғалады.

- Бірақ біз бұл бағытта міндетті түрде жұмыс істейтін боламыз. Мен үшін жоба өте қызықты. Бұл жұмыстардың құндылығын, олардың қаншалықты өзекті екенін және қаламызды безендіретінін түсінемін. Жоба тек қалпына келтіруге ғана емес, бар нәрсені сақтауға да бағытталған. Әйтпесе, бізде осы өнер туындыларын жоғалтып алу қаупі бар. Жобамыздың тағы бір міндеті – бұл нысандарды танымал ету. Біз қала тұрғындарының назарын аударып, оларды қоршаған кеңістікке мұқият қарауға шақырамыз, - дейді Ольга Цой.